"Командаға жеңіс үшін рақмет!": Андрей Скабелка матчты қорытындылады

Хоккей

Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты маусымы аясындағы "Барыс" - "Металлург" матчынан кейін елордалық ұжымның бас бапкері Андрей Скабелка ойынды қорытындылап, Лигадағы алғашқы шайбаларын соққан хоккейшілердің өнеріне баға берді, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

- Алдымен бәріңізді Жаңа жылмен құттықтаймын! Команда жақсы сыйлық жасады деп ойлаймын. Барлығы жанын салып ойнады. Бірінші кезең өзге екі жиырма минуттықтан кем түскен жоқ. Қарсылас аймағында көп ойнай тұра, олар екі қарымта шабуылдан кейін жеңіл екі гол соқты. Гол салудың жолын қанша іздегенімізбен, ақыры өзіміз шайба жіберіп алдық. Юлиус ойынның қалған бөлігінде жақсы ойын өрнегін көрсетті. Жақсы сейвтер жасады. Жігіттер барлық жағынан жақсы матч өткізді. Командаға жеңіс үшін рақмет! Сырт айдындағы келесі матчтар сериясы күрделі болмақ. Қиыр Шығыста бес күннің ішінде 4 матч өткіземіз. Бұл қиындықтарға да қарсы тұра аламыз деп ойлаймын. Әрине, бұл командалар плей-офф аймағы үшін таласта басты қарсыластарымыз. Бұны бәріміз жақсы білеміз.

- Тамирлан Гайтамиров ҚХЛ-дағы алғашқы шайбасын соқты, Александр Борисевич шешуші голдың авторы атанды. Олардың ойынына қандай баға бересіз?

- Жігіттер жарады. Мен не айта аламын? Гол – ұжымдық шығармашылықтың нәтижесі. Гайтамиров пен Борисевичтің әріптестері өте жақсы ойнады. Ал олар соңғы сәтте салқын қандылық таныта білді. Жігіттер үшін өте қуаныштымын! Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы шайбаларын соқты. Мықты команданы жеңіге көмектесті. Олардың ойынына көңіліміз толады. Бұл оларға сенімділік береді, әсіресе ҚХЛ-да енді-енді өнер көрсете бастаған Александр Борисевичке. Гайтамировтің командада атқаратын қызметтері басқа, дегенмен, оған қоса гол соқса, керемет болады.

- Өзге командалармен салыстырғанда, «Барыс» жаңа жылдық демалыста ұзағырақ болды. Команда екінші кезеңде ғана ойынға қосылды. Бұл жаңа жылдық үзілістің әсері ме?

- Команда бірінші ауысымнан бастап жақсы ойнады. Бірінші кезеңде ойдағыдай өнер көрсеттік. Қақпамызға жасалған үш соққының екеуі голға айналды. Бірақ біз қарсылас аймағында көп ойнадық. Бірініш кезеңде жақсы ойнадық, ал екінші жиырма минуттықта қарқынды күшейте түстік. Гудачек жүзеге асуына мүмкіндік бермеген бірнеше қарымта шабуыл болды. Үшінші кезеңде гол соққанымызға қарамастан, жақсы қорғана білдік.

- Есеп 0:2 болғанда, қақпашыны алмастыру туралй ой болған жоқ па?

- Әртүрлі ой болды. Жарнамалық үзіліс кезінде Юлиус Гудачекпен сөйлестік. Ол ойынды жалғастыруға дайын екендігін айтты. Осыдан кейін қақпашыны алмастыру тақырыбы қозғалған жоқ.