Қазақстанның футбол стадиондары Пеленің есімін еншілене ме?

Қазақстанның футбол стадиондары Пеленің есімін еншілене ме?
Футбол

Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино әр елдегі кем дегенде бір стадионға Пеленің есімін беруді ұсынды, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.

Ол бұл ұсынысты кеше, 2 қаңтар күні Сантоста (Бразилия) даңқты футболшыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде айтты. 

“Барлық мемлекетті елдегі бір стадионға Пеленің есімін беруге шақыруға ниеттеніп отырмыз. Өйткені, болашақ ұрпақ оның футбол әлемі үшін маңызы зор тұлға екенін біліп өсуі керек”, - деді Джанни Инфантино. 

Бұған дейін ФИФА 211 ұлттық федерацияға осы аптаның ішінде өтетін барлық футбол матчтарын бір минут үнсіздікпен бастауды сұраған.

Еске салайық, футболдан әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы Эдсон Арантис ду Насименту, Пеле, 29 желтоқсан күні 82 жасында өмірден өткен.