Александр Борисевич "Барысқа" ауысатын болды
Қарағандылық "Сарыарқа" хоккей клубының шабуылшысы Александр Борисевич мансабын Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін астаналық "Барыс" сапында жалғастыратын болды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Бұл ақпаратты "Сарыарқа" хоккей клубы растады.
"Қарағанды хоккей мектебінің тәрбиеленушісі Александр Борисевич бүгін "Сарыарқа" құрамындағы соңғы матчын өткізеді. Шабуылшы мансабын елордалық "Барыс" сапында жалғастырып, Құрлықтық хоккей лигасында өз күшін сынап көреді", - деп жазылған клубтың әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында.
Ал 15-18 желтоқсан күндері Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге "Бірінші арна кубогында" өнер көрсеткен Александр Борисевич туралы "Барыстың" бас бапкері Андрей Скабелка:
"Александрды көптен бері бақылап жүрмін. "Сарыарқа" Жоғары хоккей лигасының финалында ойнаған кезде, матчқа арнайы бардық. Ол шақта жақсы ойын қабілеттері болғанымен, жас болды. Қазіргі таңда Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені болғандықтан, ұлттық құрамаға шақырту алды. Беларусь және Ресей құрамаларымен болған ойындарда өзін қалай көрсететінін байқап, сынап көргіміз келді. Жақсы әсер қалдырды. Оған даму керек деп ойлаймын, оның жасы да соны талап етеді. Өйткені, 24 жас – нағыз алға қарай ұмтылатын шақ, сондықтан біздің тарапымыздан оған қызығушылық бар", - деген болатын.
Бүгін "Сарыарқа" өз айдынында астаналық "Номадты" қабылдайды.