ҚХФ жастар арасындағы әлем чемпионатын қорытындылады

ҚХФ жастар арасындағы әлем чемпионатын қорытындылады
Хоккей

Қазақстанның хоккей федерациясы Норвегияның Аскер қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен І дивизионның А тобындағы әлем чемпионатындағы Қазақстан құрамасының ойынына қорытынды жасады, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Әлем біріншілігінің барлық ойындарында Қазақстан қақпасын қорғаған Роман Шефер турнирдің үздік қақпашысы атанды. Ол өз қақпасына бағытталған соққылардың 92,8%-ын кері қайтара білген. Ол Данияға қарсы ойында бірде-бір гол жіберген жоқ. Бес кездесуде 269,56 минут бойы қақпа қорғап, 116 сейв жасаған. Қазақстан чемпионатында "Снежные Барсы" командасы сапында өнер көрсететін қақпашы биылғы маусымда тек 6 кездесу өткізген. 

Шабуылшылар Роман Ермак (4+1), Всеволод Логвин (3+2), Дінмұхамед Қайыржан (2+3) мен Алдияр Нұрлан (1+4) 5 ұпайдан еншілеп, турнирдің үздік 15 сұрмергенінің тізіміне енді. Бұл қатарда тек Дінмұхамед Қайыржан ғана келесі әлем чемпионатына қатыса алмайтынын айта кеткен жөн. Одан бөлек, Роман Ермек турнирдің ең көп гол соққан (4) хоккйешілерінің қатарында. Венгриялық Бенце ховард пен франциялық Эмиль Тавернье де осы турнирде төрт шайбаның авторы атанған. 

Құрама команда шабуылшысы Всеволод Логвин (+7) пайдалылық көрсеткіші тізімінің үздік үштігінде екінші орын алып тұр. Ал Роман Ермак (+6), Алдияр Нұрлан (+5), Даниил Цыбин (+5) пен Дінмұхамед Қайыржан (+4) пайдалылық көрсеткіштері бойынша үздік нәтиже көрсеткен 15 хоккейшінің қатарына енді. 

Илья Шапоров шайбаны ойынға қосуда жеңіске жету көрсеткішінде екінші орын алды. Ол 55 рет нүктеге түсіп, оның 35-інде жеңіске жеткен - 63,6%. Ал шайбаны ойынға қосуда 75 рет сынға түскен Дінмұхамед Сапарбек 14-орынға табан тіреді. Ол 38 рет қарсыласынан басым түскен - 49,33%. 

Еске салайық, Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді.