Рүстемова мен Сағандықова жартылай финалда бақ сынайды
Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында өтіп жатқан ITF World Tennis Tour W15 турнирінің жұптық сынында қазақстандық дуэт Аружан Сағандықова мен Жанель Рүстемова жарыстың жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Ширек финалда қазақстандық теннисшілерге ресейлік Елизавета Машна - Елизавета Морозова жұбы қарсы тұрған. Бірінші сетті ресейлік дуэт 6:3 есебіне өз пайдаларына жазып, екінші сетте 4:1 есебімен алда келе жатқан. Алайда Жанель Рүстемова мен Аружан Сағандықова берілмей, алдымен есепті қысқартып, ақырында 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ал шешуші тай-брейкте қазақстандық дуэт жігер танытып, жартылай фналда өнер көрсетуге мүмкіндік алды, есеп - 10:6.
Жанель Рүстемова турнирдің жекелей сынының келесі кезеңіне отандасы Аружан Сағандықованы жеңіп шыққанымен, екінші айналымда франциялық Ная Берекоэчейден 1:6, 7:6 (7:3), 2:6 есебімен жеңілді. WTA әлемдік рейтингінде 832-орында тұрған франциялық теннисші мен қазақстандық спортшы арасындағы матч шамамен 3 сағатқа созылған.