Магомед Адиев бүгінгі матчқа қатысты ойымен бөлісті
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Өзбекстанмен өтетін ойын қарсаңында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
– Өзбекстан футбол қауымдастығының атынан сіздерді УЕФА Ұлттар лигасындағы табысты нәтижемен құттықтағым келеді. Бүгінгі ойыннан не күтесіздер?
– Құттықтауларыңыз үшін көп рахмет! Мен әрқашан Қазақстан мен Өзбекстан бауырлас халықтар деп санаймын. Бүгін «бауырлар» дербиін күтеміз деп айтуға болады. Алайда, футбол алаңында барлығын екінші орынға қоямыз. Әрине, бүгінгі ойынға дайындықпен келеміз. Қарсыласты құрмет тұтамыз. Аз уақыт ішінде дайындаған ойларымызды іске асыруға тырысамыз. Нәтижесін ойын көрсетеді.
– Өзбекстан құрамасын жеңу қаншалықты маңызды?
– Кез келген бапкер мен футболшы үшін жеңіске жету маңызды. Ешқандай түбегейлі принцип жоқ. Ең бірінші міндет – 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына дайындық жүргізу.
– Ұлттар лигасы қарсаңында шақырылған Қазақстан құрамасының ойыншыларына күмән келтіргендер болды. Оларға қалай баға бересіз?
– Талаптар мен көңіл толмайтын сәттер әрқашан болады. Олар маған ешқашан ықпал етпейді. Бапкерлердің таңдауын талдағанына қарсы емеспін. Жанкүйерлер мен сарапшылар арасында осындай талдау болса, онда мен жұмысымды дұрыс істеп жатырмын деп санаймын. Бұл қалыпты процесс. Мен талапты өзіме қоямын. Ең қиын жұмыс өзіңді сендіру. Өзің сене алсаң, өзгелерді де сендіре аласың. УЕФА Ұлттар лигасы туралы айтсақ, бұл аралықты жақсы өткіздік деп есептеймін. Алайда, қазіргі уақытта біздің міндеттер басқа. Бірнеше жолдастық ойындар күтіп тұр. Сол арқылы Еуро-2024 іріктеу кезеңіне дұрыс дайындалып, жақсы нәтиже көрсету міндет.