"Биыл біз есе қайтарғымыз келеді" - Қайрат Сәтжанов
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов отандық спортшылардың Азия чемпионатына дайындығы жөнінде айтты.
«Дайындық өте жақсы өтіп жатыр. ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Спортты дамыту дирекциясы мен Қазақстан бокс федерациясының арқасында бəсеке қарсаңында ешқандай қиындық болған жоқ. Бокс елімізде кең танылған, үнемі жанкүйерлер назарында болатын спорт түрі. Алдыңғы құрлық додасының нәтижесін қоғамның қалай талқылап, сынға алғаны əлі есімізде. Дубайда ерлер құрамасы алтынсыз қалғанын білесіздер. Биыл біз есе қайтарғымыз келеді. Мақсат - жалпы есепте көш бастау», - деді Спортты дамыту дирекциясына берген сұхбатында ол.
Еске салайық, Амманда жұдырықтасатын боксшылар тізімі шықты:
48 кг – Санжар Ташкенбай. Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасында Əлем жəне Азия чемпионы, былтырғы ел біріншілігінің жеңімпазы. Астана қаласының өкілі. Жеке бапкері – Нұржан Насанов.
51 кг – Сəкен Бибосынов. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Əлем чемпионы. Түркістан облысының өкілі. Жеке бапкері – Мырзағали Айтжанов.
54 кг – Махмұд Сабырхан. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Əлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері. Шымкент қаласының өкілі. Жеке бапкері – Ілияс Оралбеков.
57 кг – Серік Теміржанов. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Əлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионы. Павлодар облысының өкілі. Жеке бапкері – Азамат Мақажанов.
60 кг – Саматəлі Төлтаев. Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасында Азия чемпионы, Қазақстан Спартакиадасының жеңімпазы. Маңғыстау облысының өкілі. Жеке бапкері – Мақсат Бақтыбазаров.
63,5 кг – Санатəлі Төлтаев, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасында Азия чемпионы, ересектер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері. Маңғыстау облысының өкілі. Жеке бапкері - Мақсат Бақтыбазаров.
67 кг – Дулат Бекбауов. Спорт шебері, ел чемпионы. Жамбыл облысыны өкілі. Жеке бапкері – Нұрлан Ақүрпеков.
71 кг – Асланбек Шымбергенов, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік əскери ойындардың жеңімпазы. Жамбыл облысының өкілі. Жеке бапкері – Ермек Ертаев.
75 кг – Нұрқанат Райыс, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, Қазақстан чемпионы. Атырау облысының өкілі. Жеке бапкері – Нұрлан Айтуаров.
80 кг – Нұрбек Оралбай, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасында Əлем жəне Қазақстан чемпионы. Астана қаласының өкілі. Жеке бапкері – Асқар Еркебаев.
86 кг – Сағындық Тоғанбай, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасында бірнеше дүркін Азия чемпионы, жастар арасында Əлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан чемпионы. Түркістан облысының өкілі. Жеке бапкері – Мырзағали Айтжанов.
92 кг – Айбек Оралбай. Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасындағы Олимпиада жеңімпазы, Қазақстан чемпионы. Астана қаласының өкілі. Жеке бапкері – Асқар Еркебаев.
+92 кг – Қамшыбек Қоңқабаев. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, əлем біріншілігінің финалисі. Қызылорда облысының өкілі.