Қазақ хоккейшілері ҰХЛ драфтында таңдалуы мүмкін

Қазақ хоккейшілері ҰХЛ драфтында таңдалуы мүмкін
Хоккей

Әлішер Сәркенов / Сурет: WHL

Ұлттық хоккей лигасы Орталық скауттық бюросының аралық рейтингі жарияланып, онда Қазақстанның үш бірдей хоккейшісі енді, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі. 

Еуропалық ойыншылар арасындағы халықаралық рейтингте "Барыс" шабуылшысы Семен Симонов 81-орынға жайғасты. 

Ал Солтүстік Америка лигаларында өнер көрсететін ойыншылар арасындағы рейтингтің 174-сатысында Корней Корнеев ("Викториявилл Тайгерз", QMJHL), 175-орында "Принс Альберт Райдерз" (WHL) шабуылшысы Әлішер Сәркенов тұр. 

Екі хоккейші де былтыр желтоқсанда Словенияда өткен жастар арасындағы І дивизионның А тобындағы әлем чемпионатында бақ сынады. Корней Корнеев турнирде 12 (6+6) ұпай еншілесе, Әлішер Сәркенов өз еншісіне 9 (3+6) ұпайды жазды. 

ҰХЛ Орталық скауттық бюросының қорытынды рейтингі сәуір айында жарияланады. Ал ҰХЛ драфты 26-27 маусым күндері Баффалода өтеді.