Еліміздің өңірлерінде жаңа 14 стадион салынады
Қазақстан аймақтарында жаңа 14 стадион салынады, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Үкімет отырысында Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов елімізде 1 694 футбол алаңы қажет екенін айтты.
Президент тапсырмасымен облыс орталықтарында демеушілердің қаражаты есебінен жаңа стадиондар салынып, ескілері жаңартылуда.
Қызылордада 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай стадион пайдалануға берілді, ал Астанада 3 600 орындық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Министрдің айтуынша, 14 жаңа стадион салу қажет, олардың 10-ы бойынша жобалық құжаттар дайындалуда. Сонымен қатар 7 стадионды қайта жаңарту жоспарланған.
«Қазір елде 7 432 футбол алаңы бар, оның 1 420-сы жөндеуді қажет етеді. Қосымша қажеттілік – 1 694 алаң. Осыған байланысты министрлік балалар футбол алаңдарын салу жоспарын бекітті. Жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен 685 жоба іске асуда», - деді министр.