Болат Есмағамбетов “Астананың” басты мәселесін атады

Спорт-Экспресс
“Астана” футбол клубы Конференция лигасынан швейцариялық “Лозаннаға” екі матч қорытындысы бойынша (1:3, 0:2) есе жіберіп, жарыстан шығып қалды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Ветеран футболшы және қазақстандық спорт функционері Болат Есмағамбетовтің айтуынша, астаналық клуб қарсыласынан лайықты түрде ұтылды. Оның сөзінше, “Лозанна” ойында тұрақтылық танытып, қателіктерді тиімді пайдалана білді.
– “Астана” соңғы екі ойында вариативтілігін жоғалтты. Клубтың екі майданда ойнауға ниеті болмағандай әсер қалдырды. Бәлкім, бапкерлер штабы ішкі біріншілікке көңіл бөлуді жөн көрген шығар, – деді Есмағамбетов.
Сарапшының айтуынша, “Қайраттан” басқа қазақстандық клубтардың биылғы еурокубоктағы көрсеткіші сәтсіз болды. “Ақтөбе” екі мүмкіндікті мүлт жіберді, “Ордабасы” алғашқы кезеңнен аса алмады, ал “Астананың” жалғыз жетістігі – орта деңгейлі молдовалық клубты жеңу.
Қазіргі уақытта еурокубоктарда Қазақстан намысын тек “Қайрат” қорғап жатыр. Ол плей-офф кезеңінде Шотландияның “Селтигімен” кездеседі.