Геннадий Головкин лауазымды қызметке келуi мүмкін

Бокс
World Boxing
Қазақстандық бокс аңызы, қазіргі таңда Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті Геннадий Головкин алдағы уақытта халықаралық деңгейде жоғары лауазымды қызметке келуі мүмкін. Бұл туралы спорт журналисі Уәлихан Қосанбай «Yessen Yeleuken» YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Журналистің айтуынша, Головкин биыл қыркүйек айында өтетін World Boxing ұйымының президенттік сайлауына қатысуы ықтимал.
- Қазір World Boxing ұйымының президенті - нидерландтық Борис ван дер Ворст. Алайда оның алдағы уақытта бұл қызметте қалатыны белгісіз. 2 қыркүйекте Үндістан астанасы Нью-Делиде ұйымның конгресі өтеді. Сол жерде президент сайлауы ұйымдастырылады. Менің қолымда бар ақпарат бойынша, бұл сайлауға Геннадий Головкин де қатыспақ, - деді Қосанбай.
Айта кетейік, Геннадий Головкин қазіргі уақытта 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында боксты ұйымдастыруға жауапты World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясын басқарады.