Бокстан Қазақстан чемпионы не себепті ұлттық құрамадан бас тартқаны белгілі болды

Бокстан Қазақстан чемпионы не себепті ұлттық құрамадан бас тартқаны белгілі болды
Бокс

Tengri Sport

Қазақстан әйелдер боксының жарқын өкілдерінің бірі Владислава Кухта ұлттық құрамадан кетіп, Венгрия азаматтығын не үшін қабылдағанын түсіндірді, деп хабарлайды Bassport.kz. Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бұл шешімге жаттықтырушылар тарапынан әділетсіздік себеп болған. Бірінші нөмірде тұрғанына қарамастан, ол халықаралық жарыстарға бару мүмкіндігінен айырылған.

«Мен бұрын 57 келіде өнер көрсеттім. Бірақ уақыт өте келе салмақты ұстап тұру қиынға соқты. 2022 жылы 60 келіге ауысып, сол салмақта Қазақстан чемпионы атандым. Алайда бірнеше айдан соң бапкерлер әлем чемпионатына мен емес, екінші нөмірлі спортшыны апаруды шешті», – дейді Владислава.

Ол жарысқа қатыса алмаған соң, Венгрия тарапынан түскен ұсынысты қабылдауға мәжбүр болған. 2023 жылдың соңында Венгрия чемпионы атанып, 2024 жылы азаматтығын ресми түрде ауыстырды.

Айта кетейік, соңғы жылдары әйелдер құрамасында жанжалдар жиіледі. Бұған дейін Ангелина Лукас та ұлттық құрамадағы әділетсіздік туралы ашық мәлімдеген болатын. 2024 жылдың 1 сәуірінде Елдос Сайдалин жаңа бас бапкер болып тағайындалды.