Құрылыс пен күресті қатар алып жүріп, чемпион атанған Руслан Теміржан: “Көзіме жас алып, Елдос ағамыз сияқты еліміздің әнұранын үлкен додаларда шырқатқым келеді”

Құрылыс пен күресті қатар алып жүріп, чемпион атанған Руслан Теміржан: “Көзіме жас алып, Елдос ағамыз сияқты еліміздің әнұранын үлкен додаларда шырқатқым келеді”
Күрес

Әлеуметтік желі

Жас балуан Руслан Теміржанның есімі қазақ күресінің жанкүйерлеріне жақсы таныс. Жастар арасындағы әлем чемпионы, Қазақстанның бес дүркін жеңімпазы, енді міне, «Дала қырандары» турнирінде 55 келіде жеңіс тұғырынан көрінді. Алайда бұл жеңіске жету жолы оңай болмады. Құрылыс пен күресті қатар алып жүрген Теміржан қиындықтарды жеңе отырып, чемпиондық белбеуін тақты. Ол өз оқиғасын Bassport.kz тілшісіне баяндап берді.

– Сіз құрылыс саласында жұмыс істейсіз деген ақпарат рас па? Негізгі міндеттеріңіз қандай болды? Айлық табысыңыз құрылыс саласынан ба?

– Иә, рас. Таразда өткен Қазақстан чемпионатынан кейін қаржылай қиындықтар болды. Сол кезде монолит жұмыстарын істеп, арматура тоқуға кірістім. Қазір менің негізгі табыс көзім – құрылыс. Жарыс болмаған кездерде құрылысқа шығып тұрамын.

– Құрылыс пен спортты бірге алып жүру қаншалықты қиын?

– Құрылыс жұмысы көп энергияны талап етеді. Таңертеңнен кешке дейін далада жүріп, денеңе суық өтеді. Бұл жаттығуға да, салмақ қууға да әсерін тигізді. Соңғы қатысқан «Дала қырандары» турниріне толыққанды дайындалуға мүмкіндік болмады. Дегенмен, жалқаулыққа жол бермей, екі істі қатар алып жүрдім.

– «Дала қырандары» турнирінде ең қиын белдесуіңіз қай қарсыласпен болды?

– Қостанайлық балуанмен финалдық кездесу қиынға түсті. Соңғы 15 секундта жеңіп келе жатып, 1 секунд қалғанда қарсыласым жамбас әдісін жасап, ұпайды теңестірді. Белдесуге тура келді.

– Чемпиондық белбеуді таққан сәтте не сезіндіңіз?

– Белбеуді таққанда, бүкіл көрген қиындықтар көз алдымнан өтті. Құрылыс алаңындағы суық күндер, жаттығуға үлгермей шаршаған сәттер, қаржылық қиындықтар… Барлығының босқа кетпегенін түсіндім. Іштей қатты жылағым келді. Қуаныш пен шүкіршілік сезімі бойымды кернеді.

– Құрылыс саласындағы әріптестеріңіз сізді қолдай ма?

– Иә, олар менің спортпен айналысатынымды біледі және үнемі қолдау көрсетіп, «спорттан қалма, жалғастыр» деп айтып отырады.

– Құрылыс жұмысын жалғастыру ойыңызда бар ма, әлде спортты кәсіби деңгейде жалғастыруды қалайсыз ба?

– Бұйырса, айлыққа қойып жатса, спорт саласын жалғастырсам деген ойым бар. Елдос ағамыз сияқты үлкен жарыстарда әнұранымызды шырқатуды армандаймын.

– Болашаққа қандай армандарыңыз бар?

– Мен Қазақстанның көк туын желбіретіп, бүкіл әлемге еліміздің рухын танытқым келеді. Ата-анамды қуантқым келеді. Қазір үйленуге ақша жинау керек, сондықтан құрылыс мен үшін уақытша ғана жұмыс. Бірақ басты мақсатым – спортта биік белестерді бағындыру.

Айта кетейік, Руслан Теміржан 11 қаңтар күні өткен «Дала қырандары» турнирінде 55 келі салмақта чемпион атанған болатын.