Зарина Дияс Ноутхабури турнирінің негізгі кезеңіне шықты

Теннис
KTF
Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Таиландтың Ноутхабури қаласында өтіп жатқан ITF турнирінде іріктеу кезеңін сәтті еңсеріп, негізгі жарысқа жолдама алды, деп хабарлайды BasSport.kz.
Алдымен, Зарина корт иесі, әлемдік рейтингте 1 358-орында тұрған Вера Дипоемді 6:1, 6:1 есебімен сенімді жеңді. Кейін үндістандық Вайдехи Чаудхаримен (393) тартысты матч өткізіп, 4:6, 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Енді алғашқы айналымда қазақстандық спортшы әлемнің 310-ракеткасы, америкалық Анна Роджерспен кездеседі. Матч 8 қаңтарға жоспарланған.
Ноутхабури турнирінің жүлде қоры 60 мың АҚШ долларын құрайды. Жарыстың бірінші ракеткасы – рейтингте 228-орында тұрған қытайлық Есинь Ма. Турнир 12 қаңтарда аяқталады.