Елдос Сметов: “Алғашқы бапкерімді әлі күнге жеңе алмай келемін” (ВИДЕО)
Дзюдо
Видеодан кадр
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов жаттығу процессіне оралды.
Үзілістен кейін жаттығу орнына беттеген дзюдошы алғашқы жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұлмен кездесті. Бұл кездесу татамидегі қызықты жекпе-жекке ұласты.
60 келі салмақта өнер көрсететін Сметов өзінің алғашқы бапкерімен спарринг өткізіп, жекпе-жек әдістерін пысықтады. Белгілі бапкер, тәжірибесін көрсетіп, шәкіртін бірнеше рет жеңіп кетті. Спортшы бұл ерекше сәтті әлеуметтік желіде бөлісіп:
«Алғашқы бапкеріммен 5 жасымда күресіп, ұта алмай жылап қалушы едім. Әлі күнге ұта алмай келемін», – деп жазды.
Естеріңізде болса, Сметов Париж Олимпиадасынан кейін туған жеріне барып, жерлестерінің сыйға тартқан көлігін өз бапкеріне тарту еткен еді.
Елдос жаңа жыл басталысымен оқу-жаттығу жиындарына қатысып, дайындықты күшейтпек. Сонымен қатар, алдағы уақытта ағылшын тілін меңгеру мақсатында Лондонға 4 айлық сапар жоспарлап отыр.