«Біз алтынсыз келмейтінбіз!» - Данияр Елеусінов
ulysmedia.kz
Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов Ulysmedia.kz берген сұхбатында Париждегі 2024 жылғы Олимпиадаға қатыса алмағанына өкініп, біздің спортшылардың алтынсыз келуіне қатысты пікірін білдірді.
Ол бұл жағдайды елдегі спорттың қазіргі жағдайымен байланыстырып, басшылық құрамның өзгеруімен спорттағы жетістіктердің азаюы туралы пікірін айтты.
“Мен өнер көрсеткен кездерде Тимур Асқарұлы, Данияр Рүстемұлы Абулғазин болды. Меніңше, олардың ҰОК-де, АИБА-да, халықаралық басқа спорт ұйымдарында беделі болды. Себебі біз алтынсыз келмейтінбіз. Лондонда, Риода бір-бір алтыннан болса да, одан бөлек күмісі мен қоласын алып келетінбіз. Енді ол өзімді кемсіткенім емес, бірақ ол жерде спортшылар да талапқа сай болған болуы мүмкін, Серік те, Данияр да мықты болды, қазір енді балаларды нашар деп айта алмаймын, бірақ олимпиадада солай болды. Пайдасы болды ол кісілердің. Бекет Махмутовтан бастап, ол кісінің жасағанын, әрине, ешкім қайталай алған жоқ. Екі алтын, Баркер кубоктарын қалай алғызды? Тимур Асқарұлының кезінде Серік Сәпиев Баркер кубогын алды. Мен алтын алдым, Күміс алса да, В.Левитті олимпиада чемпионы болды деп санаймын өз басым. Әділбекті де жасауға болатын еді, терезесі тең ойын өткізді. Ла Круспен бокстасқанда, бірақ біз сол кезде күшті нәтижелер көрсетіп жүрдік. Бір алтын, екі күміс, бір қола - 4 медаль”, - деді Данияр Елеусінов
Елеусінов қазір спортшыларға халықаралық жарыстарда жоғары көрсеткіштер көрсетуге қабілетті болу үшін тек дайындық қана емес, қолдау жүйесінің де маңызды екенін алға тартты. Жаңа басшылық құрамның халықаралық деңгейде беделі төмен болуы мүмкін, ал бұл спортшылардың жеңіске жету мүмкіндігіне кері әсерін тигізуі ықтимал. Ол еліміздегі спорттың саясилануының оның дамуына кедергі келтіретінін және болашақта жас спортшыларға арналған жүйені қайта қарастыру қажеттігін баса айтты.
“Өзбектер рингке шыққанда, бірінші раундтан бастап билеп жүр. Оларға ондай сенімділікті кім берді? Негізінде бірінші раундта ондай сенімділік болмайды ғой. Әлі бір соққы дарытқан жоқсың немесе ұтып жатқаныңды білмейсің. Алдын ала саған дұрыс ойнап бер, жеңіс сенікі дейтін болса ғана, - деді ЕлеусіновДанияр өзінің болашақтағы жоспарлары туралы айтқанда, бокстағы мансабын жалғастыратынын және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңіске жету үшін бар күш-жігерін салатынын айтты. Ол Қазақстандағы спортты қолдауға және жас спортшылардың дамуына өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді.
Елеусінов өз тәжірибесіне сүйене отырып, еліміздің бокста бұрынғыдай жоғары деңгейге жетуі үшін жүйелі өзгерістер керек екенін баса айтты.