Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионы атанды
Спортты дамыту дирекциясы
Нұрқожа Қайпанов Албанияның бас қаласы Тиранада өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Bassport.kz
Қайпанов финалдық кездесуде жапон спортшысы Йошиносуке Аоягиден 3-5 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атағына ие болды. Осылайша, ол ел мерейін тағы бір мәрте үстем етті.
Нұрқожа бұған дейін де ел намысын абыроймен қорғап, 2018 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында күміс жүлдені еншілеген болатын. Енді Қазақстан үшін еркін күрестен әлем чемпионы екі жыл қатарынан шығып отыр. Былтыр Белградта Ризабек Айтмұхан 92 кг салмақта чемпиондықты жеңіп алған еді.
Чемпионат барысында Қайпанов өз жолында Митчелл Финесилвер (Израиль), Николай Грахмез (Молдова) және Акаки Кемертелидзе (Грузия) сынды қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда тәжікстандық Абдулмажид Кудиевті таза жеңіспен ұтқан болатын.
Тиранадағы Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтар бойынша өткен чемпионатта Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1 алтын, 2 күміс медальмен елге оралады. Бұған дейін грек-рим күресінде Ержет Жарлықасын (63 кг) мен Жәмилә Бақбергенова (72 кг) күміс медаль еншілеген еді.