«Қазақстан Барысы – 2024» атағын Абай облысынан келген Ерасыл Қажыбаев жеңіп алды
"Қазақстан барысы" республикалық турнирінің баспасөз қызметі
Турнирде өңірлік іріктеу сайыстарының қорытындысы бойынша елдің 42 үздік балуаны бақ сынады. Олар Қазақстанның 17 облысынан және республикалық маңызы бар 3 қала – Астана, Алматы, Шымкенттен келген. Сондай-ақ, турнирде өткен жылғы «Қазақстан Барысы» чемпионы мен «Әскер Барысы» атағының екі өкілі қатысты.
Финалда Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаев пен Шымкент қаласының балуаны Ерсұлтан Мұзаппаров күш сынасты. «Алтын белбеу» мен 15 миллион теңге Ерасыл Қажыбаевқа бұйырды. Ал Ерсұлтан Мұзаппаров турнирдің күміс жүлдесіне ие болды.
Үшінші орын үшін белдесу Абай облысының балуаны Саят Шамшиев пен «Әскер Барысы» балуаны Әділ Оразбаев арасында өтті. Белдесу нәтижесі бойынша Саят Шамшиев қола белбеу иегері атанды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өткен болатын.