«Қазақстан Барысы» турнирінің балуандары салмақ өлшеу рәсіміне қатысты
Бүгін «Барыс Арена» мұз сарайында «Қазақстан Барысы» қатысушыларының салмақ өлшеу рәсімі өтті, деп хабарлайды Bassport.kz
Шараны Қазақстанның Кәсіби Бокс Комиссиясының Президенті және еліміздің танымал спорт комментаторы Арман Момынов басқарды.
Биылғы ең ауыр салмақ дәрежесінде былтырғы жылдың күміс жүлдегері, Маңғыстау облысынан келген Нұрдаулет Жарылғапов 160 келіні көрсетті. Одан кейінгі ауыр салмақта Алматы облысының жас балуаны Мәди Еділбаев та 160 келі салмағымен тіркелді.
Турнирдің ең төменгі салмағы 90 келіні құрайды. Қазақ күресінің «Күш атасын танымайды» деген қағидасына сай, 90 келіден 160 келіге дейінгі балуандар бір-бірімен күш сынасып, мықтыны анықтайтын болады.
Естеріңізге сала кетейік, ертең сағат 13:00-де «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өтеді, онда Қазақстанның барлық өңірінен келген 42 балуан ең мықты атағы мен «Қазақстан Барысы – 2024» алтын белбеуі үшін күреседі.