Әлемдік теннис жұлдыздары бір-біріне қарсы соңғы матч өткізді

Әлемдік теннис жұлдыздары бір-біріне қарсы соңғы матч өткізді
Теннис

Getty Images

Әлемдік теннистің аңыздары - серб Новак Джокович пен испаниялық Рафаэль Надаль соңғы рет бір-біріне қарсы матч өткізді. Bassport.kz бұл туралы 1bol.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл кездесу Six Kings Slam турнирінде үшінші орын үшін өтті. Ойын 37 жастағы Джоковичтің жеңісімен аяқталды - 6:2, 7:6(5). 

Бұл екеуара соңғы текетірес еді. Себебі 38 жастағы испаниялық қарашада Малагада өтетін Дэвис кубогынан соң карьерасын аяқтайтынын айтқан. 

«Соңғы ойын керемет өтті. Эмоцияға толы болды. Екеуміздің бәсекелестігіміздің мен үшін орны қашан да бөлек, Рафа. Теннис сені сағынады», - деп жазды Джокович матчтан кейін. 

Бұл ойынның ресми мәртебесі болған жоқ. Жалпы, екеуі ресми турнирлерде 60 рет кездессе, соның 31-інде Новак жеңіске жеткен. Ал екеуі алғаш рет 18 жыл бұрын, яғни 2006 жылғы маусымда кездескен.