Волейболдан Қазақстан кубогында жартылай финалға шыққан командалар белгілі болды
Қазақстан волейбол федерациясы
Ақтөбе қаласында волейболдан ерлер командалары арасында Қазақстан кубогының жартылай финалына шыққандар анықталды. Bassport.kz бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа маусым қарсаңында қазақстандық клубтар құрамында біршама өзгерістер болғаны байқалады. Ел кубогы үшін ширек финал ойындары барынша тартысты өтті. Сербиялық маман Деян Вуличевич жаттықтыратын «Атырау» командасы осыған дейін А тобында қарсылас шақ келтірмесе, ширек финалда «Жетісу» клубынан (бас бапкері Марат Адрышев) 1:3 есебімен ұтылып қалды.
Биылғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, өткен жылы кубокты ұтып алған, ресейлік Сергей Грибов баптайтын «Павлодар» биылғы ел біріншілігінің жеңімпазы «Тараздан» 3:1 есебімен басым түсті.
Тағы бір тартысты кездесу «Жайық» (Орал) пен «Буревестник» (Алматы) арасында болды. Кезінде оралдық «Конденсатты» жаттықтырған Игорь Никольченко жаңа маусымда алматылық команданың тізгінін қолына алды. Матчты алматылықтар сәтті бастады – 25:23. Алайда бұдан кейін Виктор Козиктің шәкірттері камбэк жасай білді – 27:25, 33:31, 25:23. Жалпы есеп – 3:1. Бәсеке барысында ресейлік Виталий Васильевті алмастырған қазақстандық Виталий Эрдштейн ойынға тың леп қоса алды. Сергей Трикоз баптайтын «Ақтөбе» солтүстікқазақстандық «Есілді» жолдан тайдырды – 3:0 (25:22, 25:16, 26:24).
Сенбі күні «Ақтөбе» - «Павлодар», «Жайық» - «Жетісу»» командалары жартылай финалда өзара кездеседі. Қалған клубтар 5-8 орындар үшін таласады.