Бір жылдан кейін жеткен алтын: Қазақ балуаны Азия чемпионы атанды

Бір жылдан кейін жеткен алтын: Қазақ балуаны Азия чемпионы атанды
Күрес

Спортты дамыту дирекциясы

Грек-рим күресінен 82 келіге дейінгі салмақта қазақстандық балуан Диас Қаленге өткен жылғы Азия чемпионатының алтын медалі берілді. Бұл туралы Bassport.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды. 

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі атап өткендей, ол 2023 жылы көктемде Астанада өткен сары құрлық додасының финалына дейін сүрінбей жеткен. Алайда, алтын медальға таласқан отандасымыз Қырғызстан балуаны Ақылбек Талантбековке 2:3 есебімен есе жіберіп, күміс жүлдемен жарысты аяқтаған еді. Бірақ, жарыстан кейін, нақтырақ айтсақ, 2023 жылғы 10 сәуірде қырғыз спортшысының анализінен тыйым салынған препарат («метастерон») анықталған. Оны Халықаралық тест жасау агенттігі (International Testing Agency) растады. Нәтижесінде қырғыз спортшысының аталған Азия біріншілігіндегі жеңісінің күші жойылып, оны 4 жылға спорттан шеттетті. Осылайша, алтын медаль қайтадан қазақстандық Диас Қаленге тапсырылды.