«Түркістан аренаға» оралған «Тұран» командасы жеңіске жетті
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасының 20-тур ойындары өтті. Түркістан облысының намысын қорғайтын «Тұран» командасы жасыл алаңы жөндеуден өткен «Түркістан арена» стадионында Қарағандының «Шахтер» футболшыларын қабылдады. Бұл туралы Bassport.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тартысты бәсекені Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы тамашалап, футболшыларға қолдау көрсетті. Турнир кестесінде 11-орында тұрған «Тұран» командасы өз алаңында 13-орында тұрған қарағандылық қарсыласын толассыз шабуылдармен қарсы алды. Алғашқы минуттан өткір шабуылдар ұйымдастырып, ойын тізгінін қолға алды. Сондай шабуылдардың бірі жемісін беріп, ойынның 26-минутында Иван Хомуха есеп ашты. Осылайша, бірінші тайм алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Екінші тайм алма-кезек шабуылдармен жалғасты. Алаң иелері есепті еселеуге тырысса, қонақтар теңестіруді көздеді. Сондай ұрымтал сәттің бірінде «Тұран» қақпасына пенальти белгіленді. Айып соққысын қақпашы қайтарғанымен, төреші сол сәтті VAR жүйесінен көріп, пенальтиді басынан тепкізу туралы шешім қабылдады. Ашортия есепті теңестірді. Бұл 67-минут болатын.
Қиын жағдайға тап болған түркістандықтар жанкүйерлердің қызу қолдауымен алға ұмтылды. Аса тартысты матчта қос команда сапынан да бір-бір ойыншыдан қуылғанын айта кеткен жөн. Дегенмен «Тұран» ойыншылары соңына дейін шайқасты. Ойынның 99-минутында Мишов жеңіс голын салып, командасына аса маңызды 3 ұпайды сыйлады. «Түркістан арена» стадионына жиналған 7 000 жанкүйер қуаныштан шаттанып, «Түркістан» әнін бірге шырқады. Осылайша, Түркістанға үлкен футбол тамаша жеңіспен оралды.