Магомед Адиев Абат Айымбетовтің басты проблемасын атады
Sport+ Qazaqstan
Футболдан Қазақстан құрамасының экс-бас бапкері Магомед Адиев «BorodAbata» ютуб-каналына берген сұхбатында шабуылшы Абат Айымбетовтің басты проблемасын атады, деп хабарлайды Bassport.kz Sport+ Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.
Түркияның «Адана Демирспор» клубында ойнайтын қазақстандық форвард үнемі қосалқы құрамда отырып, матчқа сирек шығады.
«Көрсетеді деп үміттенем. Оның жақсы қасиеті бар – үнемі өзінің мықты екенін дәлелдеуге тырысады. Ол қанша гол қажет болса, сонша гол соға алатын футболшы. Бірақ, оның басты проблемасы – жарақаты бар. Салдарынан Абат бүкіл жаттығу процесін жоғары деңгейде өткізе алмады. Тіпті, ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына да дұрыстап қатыса алған жоқ. Мен онымен бұл тақырыпта сөйлесіп, қарқынын жоғалтып алғанын айттым. Оның басты ерекшелігі – үнемі қысым көрсетуінде. Бірақ, қазір бұл қасиетінен айрылып қалды. Егер соңғы жаттығуларын жоғары деңгейде өткізе алса, қайта бабына келеді деп ойлаймын. Абат – Түркия чемпионатының деңгейіне лайықты футболшы», - деді Адиев.
Еске салайық, Абат Айымбетов «Адана Демирспор» сапына биыл ақпан айында ауысты. Оның келісімшарт мерзімі 2025 жылдың 30 маусымына дейін.