Новак Джокович Олимпиада ойындарының чемпионы атанды
Insport
Әлемнің 2-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, 37 жастағы сербиялық теннисші Новак Джокович Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Bassport.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Сербиялық спортшы финалда әлемнің 3-ракеткасы, 21 жастағы испаниялық Карлос Алькараспен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Екі сағат 52 минутқа созылған тартысты матчта тәжірибелі теннисші қарсыласын 7:6 (7:3), 7:6 (7:2) есебімен қапы қалдырды. Осылайша, Н.Джокович Аустралия, АҚШ, Франция ашық чемпионаттары және Уимблдон турниріне қоса Олимпиада алтынын жеңіп алып, бірегей нәтижеге қол жеткізді.
Бұған дейін ол 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында қола медаль алған еді. Әлемнің 16-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музетти қола жүлдені қанағат тұтты. Ол рейтингіде 19-орында тұрған канадалық Феликс Оже-Альяссимді жеңді – 6:4, 1:6, 6:3.
Әйелдер арасында әлемнің 7-ракеткасы Чжэн Циньвэнь қытайлық қыздар арасында алғаш рет жекелей сында Олимпиада чемпионы атанды. Қытайлық теннисші соңғы бәсекеде хорватиялық Донна Векичтен басым түсті – 6:2, 6:3.