"Тек бір боксшыны айта берген болмайды": Мырзағали Айтжанов Жалоловқа қатысты сұраққа нүкте қойды

Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасының қарсаңындағы маңызды сұрақтардың біріне жауап берді, деп жазады Bassport.kz. 

Отандық боксшылар 21 шілде күні Парижге ұшып келді. Бүгінде олар жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов спортшылардың қазіргі дайындығына тоқталып, Олимпиадада осал қарсыластар болмайтынын тағы да еске салды. 

"Парижге келгелі бері осы жақтың ауа райына, уақыт айырмашылығына бой үйреттік. Қазір командадағы жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Бәрі де үлкен жауапкершілікпен, үлкен дайындықпен келді. Одан бөлек, кешенді ғылыми  топ мүшелері де көмегін аяған емес. Бұл заманда медицинамен бірге даму керек.
Ал енді Олимпиаданың ашылу салтанатына келер болсам, бәрі де әлемді таң қалдырғысы келеді. Ертеңгі қайықты өтетін ашылу салтанатының қалай өтетінін бәріміз де күтіп жүрміз", - дейді бас бапкер.

Сондай-ақ, Айтжанов үнемі Қоңқабаев пен Жалолов кездесуі туралы сұраудың дұрыс еместігін айтты.

"Олимпиадада тек қана бір қарсылас болмайды. Олимпиада сияқты үлкен додада бірінші кездесуден бастап, финалға дейінгі боксшылардың бәрі мықты. Сондықтан, Қамшыбек Қоңқабаев тек қана Баходир Жалоловпен кездесуге дайындалмайды. Ол осы салмақтағы барлық боксшыға дайын болуы керек. Тек бір боксшыны айта берген болмайды", - деді Мырзағали Құланұлы.

Автор: Ақырыс Сейтқазы, арнайы Париж Олимпиадасынан