Түркістанда қазақ күресінен республикалық «Дала қырандары» сайысы өтіп жатыр
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Түркістан қаласында қазақ күресінен республикалық «Дала қырандары» сайысы өтуде, деп хабарлайды BasSport.kz.
Екі күнге созылатын дүбірлі додаға еліміздің 10 облысынан 100-ден астам балуан бақ сынап, өзара мықтыны анықтайды.
Шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбековтың қолдауымен өтіп жатқан турнир Түркістан төрінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін ұлттық спорт ұлықталған сайыстар Астана қаласында ұйымдастырылған болатын.
Жарыс жеңімпаздары қаржылай сыйлықтармен марапатталмақ. 1-орынға 2 миллион теңге табысталса, екінші орын иегері 1 миллион теңгені қанжығасына байлайды. Ал, үздік үштікті қорытындылаған қос балуанға 500 мың теңгеден беріледі.
Республикалық турнирде жауырыны жерге тимеген жігіттер 7 салмақ бойынша сынға түседі. Сайыстың алғашқы күнінде Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының балуандары өз шеберліктерімен көрермен көзайымына айналды.