Астанада көркем гимнастикадан Әлия Юсупованың жүлдесі сарапқа салынуда

Астанада көркем гимнастикадан Әлия Юсупованың жүлдесі сарапқа салынуда
Гимнастика

elorda.info

Елордада көркем гимнастикадан танымал спортшы Әлия Юсупованың жүлдесін сарапқа салатын жарыс өтіп жатыр. Бұл туралы Elorda.info сайтына сілтеме жасап BasSport.kz хабарлайды.

Үшінші рет  жалауын көтерген турнирге Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Семей, Орал, Ақтау, Петропавл қаласынан 400-ден астам жас көркем гимнасшы қатысып жатыр. 


«Олимпиадаға қатысу арманын орындаудың алғашқы қадамы дәл осындай турнирден басталады. Себебі, 3-4 жастан бастап, халықтың алдында өнер көрсетіп, тәжірибе жинау қажет. Осының арқасында спортшылар қателікпен жұмыс істеп, эмоцияларын басқаруды үйренеді. Елімізде танымал спорттың біріне айналған көркем гимнастикаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді.  Былтыр 350-ге қатысушы жиналса, биыл 400-ден асып отыр. Әлемде көркем гимнастика Франция, Германия, Испания, Жапония, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерде қарқынды дамығаны сонша, кіші жарыстардың өзіне халық көп жиналады. Біз де ақырындап осы деңгейге өсіп жатырмыз», - деді көркем гимнастикадан ҚР Еңбек сіңірген спортшысы Әлия Юсупова.

Додада 2015 жылдан кейін туған спортшылар бақ сынап жатыр. Ашылу салтанатына көркем гимнастикадан жақында ғана Ташкентте өткен Азия чемпионатының жеңімпазы, Париж Олимпиадасының жолдама иегері Эльжана Таниева да өз өнерін көрсетті. 


«Азия чемпионатынан кейін, Астана қаласындағы Қазақстан біріншілігіне қатыстым. Арасы қысқа ғана уақыт болғанымен, спортшы барлығына дайын болуы тиіс. Жарыстан кейін жас спортшылардың алдында өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Олар да үлкен спортта биік белестерге жетеді деп сенемін» — деді Эльжана Таниева


Жарыс 23 мамырда аяқталады.