Астанаға 12 дүркін әлем чемпионы келе жатыр

Астанаға 12 дүркін әлем чемпионы келе жатыр
Дзюдо

10-12 мамыр күндері Астанада өтетін дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне қатысатын әлемдік жұлдыздар анықталды. Париж Олимпиадасына ұпай беретін бұл бәсекеге 92 елден 519 спортшы тіркелді, - деп жазады федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Bassport.kz.

Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне Qazaqstan barysy Grand Slam атауымен енген жарыс қатысушыларының қатарында дзюдо спортының майталманы, үш дүркін Олимпиада чемпионы, 12 дүркін әлем чемпионы Тедди Ринерден (Франция) бастап, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері Акира Соне (Жапония), Рафаэль Сильва (Бразилия), Баул Ан (Оңтүстік Корея), әлем чемпиондары мен жүлдегерлері Криста Дегучи (Канада), Тсогтбаатар Цендочшир (Моңғолия), Джордж Фонсека (Португалия), Ван Т Енд Ноел (Нидерланды), Валид Кьяр (Франция), Тацуру Саито (Жапония), Grand Slam жеңімпаздары Достон Розиев (Өзбекстан), Элиос Манци (Италия), Барух Шмаилов (Израиль), Кубанычбек Айбекуулу (Қырғызстан) бар.

Естеріңізге сала кетсек, еліміз жарысты қабылдаушы ретінде әр салмақ дәрежесінде төрт спортшыдан шығаруға құқылы. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының төрінде өтетін әлемдік додада Қазақстан сапынан екі дүркін Олимпиада жүлдегері Елдос Сметов, Grand Slam чемпионы Мағжан Шамшадин, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, Гран При жарыстарының жүлдегері Ғалия Тынбаева бастаған спортшылар ел намысын қорғайды.

Ал кеше аяқталған Душанбедегі (Тәжікстан) Grand Slam турнирінде қазақстандықтар 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Бөлісу