Бакуде қазақ күресінен Еуропа чемпионаты өтті
Туризм және спорт министрлігі
Әзербайжанның Баку қаласында қазақ күресінен ересектер арасында 6-шы Еуропа чемпионаты өтті, деп хабарлайды BasSport.kz.
«Біріккен күрес әлемі» (UWW) аясындағы біріншілікте ерлер мен әйелдер күресіп, 16 салмақ дәрежесінің мықтыларын анықтаған болатын. Әлемнің 5 құрлығындағы 40-тан астам мемлекетте төл күресімізден федерациялар ашылған.
Бүгінге дейін 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы және 5 Еуропа чемпионаты өтіп, төл күресіміз қарқынды дамуда. Бұдан бөлек Иран мен Бразилияда кадеттер мен жастар арасында әлем чемпионаттары, Оңтүстік Африкада 2 Африка біріншілігі, Бразилияда Оңтүстік Америка чемпионаты ұйымдастырылды. Ал Qazaq Kuresi Ассоциациясының Әзербайжанда ұйымдастырған бұл жолғы аламан жарысқа қатысуға ниет білдірген елдердің де саны аз болмады.
«Sarhadchi» спорт кешенінде жалауын көтерген байрақты жарысты алғысөзбен ашқан UWW Конгресі бюросының мүшесі, дәстүрлі күрес түрлері комитетінің президенті Родика Мария Якши ханым Еуропа чемпионатының қазақ күресін дамытудағы рөлін атап өтіп, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Салтанатты шара барысында сөз алған Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов аталмыш чемпионаттың маңыздылығына тоқталып өтті.
Қазақ күресі Еуразия құрлығындағы барлық дәстүрлі күрес түрлерінің синтезінің нәтижесі болып табылады. Төл күресіміз – қазақ халқымен біртұтас, ұлт тарихының ажырамас бөлігі. Күрестің бұл түрі әрқашан өскелең ұрпақты тәрбиелеудің маңызды құралдарының бірі болды және болып қала бермек. Кезекті Еуропа чемпионатының Әзірбайжан елінде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан жергілікті қазақ күресі федерациясының басшылығы мен ұжымына алғысымды білдіремін. Бұл чемпионаттың әлемдік аренада қазақ күресінің одан әрі қанат жаюына тың серпін беретініне сенімдімін, – дей келе Дамир Әсенғазыұлы балуандарға жеңіс пен сәттілік тіледі.
Бұдан кейін Дамир Бекбосынов UWW өкілдері мен жергілікті федерацияның басшылығына Қазақстаннан жеткізілген арнайы кәдесыйларды, ал Әзербайжан Ұлттық спорт ассоциациясының президенті Казым Курбановқа Qazaq Kuresi Ассоциациясының президенті әрі ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосыновтың Алғыс хатын табыстады 2022 жылы Астана қаласында үш жас тобын (ересектер, жастар, жасөспірімдер) қамтыған тұңғыш әлем чемпионаты өткен болатын. Сол біріншілікке 40-қа жуық мемлекеттің балуандары қатысып, жарыс көрігін қыздырған еді.
Сол дүбірлі додада сыналған бірқатар балуандардың бүгінгі Еуропа чемпионатында ерекше дайындықпен келгені анық байқалды. Осы бәсекелерді басынан аяғына дейін тамашалаған лауазымды тұлғалар, құрметті меймандар, бапкерлер мен спортшылар және қатардағы қарапайым көрермендер қарт Каспий жағасындағы чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейіне жоғары бағасын бергені сөзсіз.
Ендігі кезекте Еуропа чемпионатының қорытындысына келер болсақ, тартысқа толы белдесулерде топ жарған балуандардың жаңа есімдері анықталды.
Ерлер:
55 келі – Nika Bachiashvili GEO
60 келі – Eyvaz Bakhshiyev AZE
66 келі – Mirfattah Seydaliyev AZE
74 келі – Hajali Gasimov AZE
82 келі – Adil Adilzade AZE
90 келі – Jeyhun Huseynov AZE
100 келі – Zurab Chagelishvili GEO
+100 келі – Mahammad Mammedzada AZE
Әйелдер:
48 келі – Nino Iashvili GEO
52 келі – Anano Morgoshia GEO
56 келі – Mariam Mazanashvili GEO
60 келі – Mari Makharashvili GEO
65 келі – Diana Shoranova AZE
70 келі – Ana Chkhaidze GEO
77 келі – Shahana Almammadova AZE
+77 келі – Elene Kebadze GEO
Сөйтіп Еуропа чемпионатында 16 салмақ бойынша І орынға 1 000, ІІ орынға 500, ал ІІІ орынға 250 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.
Чемпионаттың бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі маман Сергей Тхактың айтуынша, бүгінгі таңда қазақ күресі өркендеп, күллі әлемде кеңінен насихатталуының нәтижесінде оны жандарына серік еткендердің қатары қалыңдай түскен.
Еуропа чемпионатының демеушісі – Sport Qory cпортты қолдау қоры.