Қазақстандық ту ұстаушылардың киімі ХОК мұражайына табысталды

Бүгін, 18 мамыр күні, Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада комитетінің штаб пәтерінде Бейжің Олимпиадасында Қазақстан құрамасының туын ұстап шыққан Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдованың ойынның ашылу салтанатына киіп шыққан формалары Олимпиада мұражайына ресми түрде табысталды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Қытай астанасы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде қазақстандық дизайнерлердің туыншысы әлем жанкүйерлерін таң қалдырған болатын. Шорт-тректен команда үздігі Абзал Әжіғалиев пен тәжірибелі конькиші Екатерина Айдованың киімі туралы әлемдік БАҚ та жарыса жазды. Бұл халықаралық Олимпиада қауымдастығын бей-жай қалдырмады.
Экспонаттарды «Халықаралық Олимпиада комитетінің мәдени мұрасы» жинағына тапсыру туралы ХОК президенті Томас Бах қол қойған тиісті сертификат Қазақстан ҰОК-не табысталды.
Британдық беделді The Guardian газеті Ойындардың ашылу салтанатынан кейін: «Қазақстан костюмдер байқауында жеңіске жетті», – деп жазды. Америкалық The Insider басылымы «Екатерина Айдова классикалық алтын әшекейлермен безендірілген киімімен таң қалдырды» деп мойындады. Сонымен қатар азиялық БАҚ, соның ішінде Жапонияның жетекші ұлттық газеті «Уомиури» де баса назар аударып, «Токиодағы Олимпиададан кейін қазақстандық Ту ұстаушылардың әдемі киімдері Бейжіңде ең көп талқыланған тақырыпқа айналды» деп атап өтті.
Қазақтың хас батыры образында шыққан Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдованың көйлегінде бейнеленген сақ патшайымы Томирис бейнесіне жоғары баға берілгенін растай отырып, Олимпиада мұражайы костюмді «Халықаралық Олимпиада комитетінің мәдени мұрасы» топтамасына енгізуді және оны табыстау барысында салтанатты рәсім ұйымдастыруды ұсынды. Коллекцияда спортшылардың ең жақсы жабдықтары бар – ол Олимпиада ойындарының тарихын және олардың елдердің тарихы мен мәдениетімен тығыз байланысын айқын көрсетеді. Экспонаттардың көпшілігін спортшылар Олимпиада кезінде немесе Олимпиададан кейін сыйға тартқан.
Осы сәттен бастап Қазақстанның Ту ұстаушысыларының киімдері ұйымның штаб-пәтері орналасқан швейцариялық Лозаннадағы ХОК бас мұражайы – әлемдік олимпиадалық қозғалыстың «қазына қорларына» келушілердің назарына ұсынылатын болады. Мұражай жұмысын 1915 жылы бастаған, 30 жылға жуық тарихы бар. Қазір мұражайда ойын тарихының мыңдаған құнды экспонаттары сақталған. Жыл сайын оларды көруге әлемнің түкпір-түкпірінен 500 мыңнан астам адам келеді. ХОК Мәдени мұра департаменті Олимпиада ойындарының тарихы мен дәстүрін сақтай отырып, бүкіл әлемнің спортшыларын біріктіреді.

