Дэвис кубогы: Қазақстанның Аргентинаға қарсы ойнайтын құрамы анықталды
Теннис
Қазақстан теннис федерациясы
Росарио қаласында 3-4 ақпанда өтетін Дэвис кубогының Аргентинамен іріктеу матчына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасай отырып BasSport.kz хабарлайды.
Юрий Щукин бастаған бапкерлік штаб өз таңдауын жасады. Атап айтқанда, әлемнің 31-ші ракеткасы Александр Бублик, сондай-ақ Денис Евсеев (184), Бейбіт Жұқаев (188), Тимофей Скатов (226) және жұптық сында дүниежүзілік рейтингте 46-ші орында тұрған Александр Недовесов ел намысын қорғайды.
Құрамаға нәтижелері мен рейтингтегі орындарына байланысты өздерін таныта білген спортшылар алынды. Қарсылас туралы айтсақ, олардың құрамы өте мықты. Жекелей сында үш аргентиналық спортшы әлемдегі үздік 50 теннисшінің қатарына тұр. Тағы үшеуі жұптық сында ТОП-20-ға кіреді. Олардың бәрі топырақ төсенішінде жақсы ойнайды. Біз қиын болатынын түсінеміз. Дегенмен бар күшімізді саламыз. Бұған дейін сырт алаңда мықты командаларға қарсы ойнап, жеңген болатынбыз, - деді Ю.Щукин.
Дэвис кубогының іріктеу матчтары төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады.