Ұлттық құрама ойыншысы мансабын аяқтады
Қазақстан футбол федерациясы
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Елдос Ахметов кәсіби мансабын аяқтады, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Бұл туралы спортшының өзі Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
- Құрметті жанкүйерлер, достар, әріптестер! Мен кәсіби мансабымды аяқтаймын деп шешім қабылдадым. Осы шешім мен үшін өте ауыр тиді, себебі биылғы маусымда Павлодардан кетіп, футбол жолымды басқа командада жалғастырғым келді. Тіпті ұлттық құрамаға оралып, жігіттерге көмектесемін деп ойладым. Бірақ Алланың адамға деген өз жоспары бар. Өкінішке қарай, денсаулығымның жағдайына байланысты кәсіби футболда ойыншы ретінде қалуға мүмкіндігім жоқ. Қанша тырыссам да, кез-келген матч немесе жаттығу денсаулығыма ауыр зиян келтіреді. Алдағы болашақта футболда қаламын деп шештім, сондықтан бапкерлік білім алып, отандық футболымыздың дамуына үлесімді қосқым келеді.
Жанкүйерлерге, достарыма, бұрынғы командаластарыма, бапкерлеріме, туған-туысқандарыма айтатын сөздерім: мені әрқашанда қолдап жүрдіңіздер, сіздерге алғысым шексіз! Аман-есен болайық! Сіздерді жақсы көремін! Футбол стадиондарында кездескенше!", - деп жазды Елдос Ахметов.
Биылғы маусымды ойыншы "Ақсу" сапында бастаған еді. Алайда жазда клуб оны құрамнан шығарып тастады. Елдос Ахметов - Тараз футбол мектебінің тәрбиеленушісі. Ол Қазақстан Премьер-лигасында 2009 жылы павлодарлық "Ертіс" құрамында дебют жасады. Сондай-ақ, ол "Тараз", "Астана", "Қайсар" мен "Қайрат" жейделерінде де өнер көрсетті.