Санжар Тәшкенбай Олимпиадаға бара ма? Мырзағали Айтжанов нақтысын айтты
Бокстан Астанада басталған екінші «Elorda Cup» кубогында 10 елдің боксшылары жүлдеге таласып жатыр. Осы орайда Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтан аталмыш жарыс туралы және алдағы жоспар жайлы сұрап білдік, деп хабарлайды Bassport.kz.
-Әлем чемпионатынан кейінгі алғашқы халықаралық турнир басталды. Осы орайда құрама сапынан кімдер қатысып жатыр?
- Ташкентте өткен әлем чемпионатынан соң, 1 айдай үзіліс болды. Маусымның ортасында басталған оқу-жаттығу жиынына құраманың 2,3,4-ші нөмірлі спортшылары жиналды. Дегенмен, әлем чемпионатында топ жарған Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, қатысса да жүлдеге ілікпеген Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Талғат Сырымбетов, Нұрқанат Райыс, Сағындық Тоғамбай, Айбек Оралбай, Қамшыбек Қоңқабаев та қалыс қалмады. Әркімнің өзіндік мақсаты бар. Бірі әлем чемпионы атанса да, Азия ойындарына қатысуды жоспарлайды. Кейбірі әлем чемпионатына қатысқанымен, жарыста шеберліктерін одан әрі шыңдауды қалайды. «Elorda Cup» халықаралық турниріне 48 келідегі Санжар Тәшкенбай емделуге және шілде айының ортасында отбасын құратын болғандықтан, сұранды. Асланбек Шымбергенов оқу-жаттығу жиынына толық қатысты. Алайда мен оған демалыс беруді жөн көрдім. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев оқу-жаттығудың жартысына қатысты. Өкінішке қарай, кішігірім жарақаты мазалағандықтан, босатуға мәжбүр болдым.
-Санжар Тәшкенбайды Париж Олимпиадасына бармайды деуге бола ма?
- Алдын-ала нақты ештеңе айта алмаймын. Барлығына уақыт төреші. Уақыт барлығын өз орнына қояды.
-«Elorda Cup» турнирінде чемпион атанғандар лицензиялық Азия ойындарына бара ма?
- Барлығы барады деп, айта алмаймын. Бұл жерде біз үшін 57, 63,5, 92 келідегі жеңімпаздарды анықтау қажет. Ал әлемдік деңгейде мойындатып, рейтингте жоғары орында тұрған кей салмақтарға іріктеудің қажеті жоқ.
-Салмақ ауыстырып жатқан боксшыларға тоқталсаңыз?
- Әр боксшы жеке бапкерімен, ұлттық құраманың жаттықтырушысымен ақылдаса отырып, салмақ ауыстыруға шешім қабылдайды. Кей боксшыларға салмақ қуу қиын соққандықтан, жоғары көтеріледі. Кейбірі төмен түседі. Боксшылардың табиғатына сәйкес, біріне жаңа салмақ жағады немесе жақпайды. Осы орайда Махмұд Сабырханның таза салмағы 58-59 келі. Оған 57 келіде өнер көрсету аса қиын емес. Сол секілді Сәкен Бибосыновтың салмағы 54-55 келі. Ол да 3-4 келі қуады. Санжар Тәшкенбайдың салмағы 51-52 келі. Оған әзірше 48 келіде жұдырықтасқан ыңғайлы. Келешекте Сәкен Бибосынов қолғабын шегеге іліп жатса, 51 келіде елдің намысын абыроймен қорғайтыны сөзсіз. 3 боксшыны алалап, бөліп жатудың қажеті жоқ.
-Кәсіпқой бокстан спортшыларды тартқан дұрыс па?
- Кез-келген кәсіпқой боксшыға ұлттық құраманың есігі ашық. Ешкімге жоқ демейміз. Негізі Тұрсынбай Құлахмет, Бек Нұрмағанбет, Бекзад Нұрдәулетов, Әбілхан Аманқұл, Абылайхан Жүсіпов сынды боксшыларымыз асығыс шешім қабылдап, кәсіпқой боксқа кетті. Кезінде осы боксшылар әлемдік деңгейдегі жарыста елімізді дүрілдетіп, кемінде қола, күміс жүлде алған боксшылар болатын. Әлі де берері бар еді. Дегенмен, олар өз жолдарын таңдады. Келемін десе, есік ашық.
-Әлем чемпионатында көзге түскен, басқа елдің атынан қатысып жүрген қандастарымыз Руслан Абдуллаев, Тоқтарбек Таңатқан секілді боксшыларды ұлттық құрамаға тартқан қаншалықты дұрыс?
- Қазақ боксының тарихы 90 жылдан асады. Осы уақытқа дейін 1 ғана легионер алдық. Өз еркімен келген Қазақстанға келген Бақыт Сәрсекбаев Бейжің Олимпиадасында чемпион атанғанын барлықтарыңыз көрдіңіздер. Әрине, өзге елдің атынан сынға түскен жерлестеріміз үшін қуаныштымыз. Олар сол жерде туды, өсті. Біз шетелдік боксшыларға зәру емеспіз. Ішкі біріншілікте де бәсекелестік жоғары.
-Ташкентте өткен әлем чемпионатында 4 алтын, 1 күміс иелендіңіздер. Бұл өте жақсы жетістік және үлкен жауапкершілік. Келесі әлем чемпионатында жанкүйерлер жоғары көрсеткішті талап етеді ғой?
- Барлығы бап пен баққа байланысты. Чемпион атану үшін де, сәттілік керек болады. Бірде төреші, бірде жарақат т.б. Ұлттық құрамада бұдан да мықты боксшылар әлем чемпионатына барып, жүлде алмаған сәттер бар. Басты арманым – Олимпиадада жалпы есепте бірінші орын алу.