Әділ Бекетаев әлем чемпионаты қорытындысында ҰХЛ назарына ілігетін ойыншылар тізіміне енді

Әділ Бекетаев әлем чемпионаты қорытындысында ҰХЛ назарына ілігетін ойыншылар тізіміне енді
Хоккей

Сурет: icehockey.kz

The Hockey News сайты Ұлттық хоккей лигасы назарын аударатын 2023 жылғы әлем чемпионатына қатысқан құрама командалардың жеті ойыншысынан тұратын тізімді жариялады, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Мақала авторы Ян Кеннеди Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Әділ Бекетаевты ҰХЛ командалары назарына ілігетін ойыншылар қатарына қосқан. 

"Бекетаев Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы маусымын жақсы өткізді. 25 жастағы қорғаушы "Барыс" құрамында 64 ойынға қатысып, 21 ұпай жинады. Сондай-ақ, өзіне назар аударта алатын 23 жастағы қорғаушы Валерий Ореховпен бірге Әділ Бекетаев Қазақстан ұлттық құрамасында маңызды рөл ойнайды. Ол ешқашан алғашқы екі бестіктің ойыншысы атанбайды. Десе де үшінші және төртінші бестіктердің ойынын жақсартуға көмектесе алады", - деп жазылған мақалада.

Әділ Бекетаевтан өзге, тізімде Самуэль Главай (қақпашы, Словакия), Рокко Гримальди (шабуылшы, АҚШ), Филип Хлапик (шабуылшы, Чехия), Николас Матинпало (қорғаушы, Финляндия), Михаэль Шпачек (шабуылшы, Чехия), Юхо Ламмикко (шабуылшы, Финляндия) бар.