Эльмира Сыздықова жарақатына байланысты оқу-жаттығу жиынынан кетіп қалды - бапкер

Эльмира Сыздықова жарақатына байланысты оқу-жаттығу жиынынан кетіп қалды - бапкер
Күрес

Әйелдер күресінен Қазақстан командасының үздігі Эльмира Сыздықова жарақатына байланысты оқу-жаттығу жиынына қатыспай, кетіп қалды. Бұл ақпаратты команданың аға бапкері Қайрат Сағадиев те растады, деп хабарлайды Bassport.kz.

Бапкердің мәліметінше, Сыздықова Бішкектегі рейтингілік турнирге қатыспақ болған.

«Қырғызстан астанасында халықаралық оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Жиын барысында Эльмира Сыздықова аяғын қатты ауыртып алды. Бүгінде ол елге қайтып кеткен. Онымен кешенді ғылыми топ мамандары жұмыс істеп, әрі қарай емдейді. Әзірге оның жарақаты нақты қай деңгейде екені белгісіз. Қазіргі таңда жиын жалғасуда. Мұнда Қырғызстан, Франция, Түркия құрамаларынан спортшылар келді. 1-4 маусым аралығында өтетін рейтингілік турнирде біздің балуандар да бақ сынайды», - дейді Сағадиев.

Бішкектегі жиынға құраманың бірінші және екінші нөмірлі балуандары қатысуда.

«Командадағы ересек спортшыларды алып келдік. Ал жастардың басым бөлігі 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия біріншілігіне қатысады. Сол бәсекеге дайындалып жатыр. Бішкектегі турнирден соң тағы бір рейтингілік жарыс бар. Аталған сын Венгрияның Будапешт қаласында өтеді. Күздегі әлем чемпионатына дейін тағы да ірі-ұсақты турнирлерге қатысамыз», - деді жаттықтырушы.

Бішкектегі рейтингілік турнирге қатысатын Қазақстан әйелдер командасы:

50 келі: Светлана Анкичева, Гүлжазира Амантаева

53 келі: Лаура Алмағанбетова

55 келі: Марина Седнева, Зүлфия Яхьярова

57 келі: Эмма Тисина

59 келі: Диана Каюмова

65 келі: Гаухар Мұқатай, Ирина Казюлина

68 келі: Елена Шалыгина

72 келі: Жәмила Бақбергенова

76 келі: Гүлмарал Еркебаева