Футзал: «Семей» Чемпиондар лигасының 1/8 финалында «Атлетиктен» басым түсті
«Семей» футзал клубы
Қазақстандық «Семей» футзал клубы UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалының алғашқы ойынында украиналық «Атлетик» командасын 3:2 есебімен жеңді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Молдованың Чореску қаласындағы «Футзал Арена МФФ» спорт кешенінде өткен кездесуге испаниялық Хуан Галлардо бастаған төрешілер бригадасы қазылық етті.
«Семейдің» бас бапкері Серджи Альтисент алаңға мына құрамды шығарды: Кнейсс, Дедезиньо, Кандидо, Де Оливейра Гомес, Торрес – Игита, Пиялы, Есенаманов, Қарбаев, Әбдіманапұлы, Педриньо, Фернан, Тұрсағұлов.
Кездесу аса тартысты өрбіді. 7-минутта Фернан есеп ашқанымен, 18-минутта Эдуард Нагорный таразы басын теңестірді. 24-минутта «Атлетик» ойыншысы Давид Калашник алаңнан қуылып, екі минуттан соң Педриньо «Семейді» алға шығарды. 35-минутта Олег Выставной есепті қайта теңестіргенімен, көп ұзамай Богдан Мещеряков (36-минут) та қызыл қағаз алып, украиналықтар тағы да азшылықта қалды. Осы мүмкіндікті сәтті пайдаланған Педриньо 38-минутта дубль авторы атанып, қазақстандық клубқа жеңіс сыйлады – 3:2.
Айта кетейік, қос команда арасындағы қарымта кездесу 5 желтоқсан күні Семей қаласында өтеді.