Елордада конкурдан әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалы аяқталды
Қазақстан ат спорты федерациясы
Астанадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан FEI әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалы өтті. Халықаралық жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия және Ресей шабандоздары қатысты, деп хабарлайды Bassport.kz ҰОК-ге сілтеме жасап.
Биіктігі 155 см болатын кедергілері бар негізгі маршрутта Қазақстан өкілі Олег Соколенко Cinderella атты сәйгүлігімен екінші орын алды. Өзбекстандық Бекзод Курбанов (Matts V.G.) жеңімпаз атанса, үшінші орын Ксения Хайрулинаға (Gentleman De Beaulieu) бұйырды.
Қазақстан қоржынына тағы бір жүлдені Аян Ғани салды. Ол биіктігі 135 см болатын кедергілері бар маршрутта Quattro VDB атты сәйгүлігімен екінші орынды иеленді. Қырғызстандық Ринат Галимов (Enrique PKZ) жеңіске жетсе, үздік үштікті Өзбекстан өкілі Бекзод Курбанов (Santos Hipica) түйіндеді.
Жарыстың құрметті қонағы Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті, Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі Ингмар Де Вос болды. Ол турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға беріп, Қазақстандағы ат спортының дамуын атап өтті.
"Жарыс тартысты өтті, бәсекелестік деңгейі жоғары болды. Қазақстанның және тұтас өңірдің әлеуеті зор деп есептеймін. Мұнда қажетті инфрақұрылым да, жақсы сәйгүліктер де, мықты шабандоздар да бар. Елдің ат спортын одан әрі дамытып, бүкіл Еуразия аймағында өз орнын нығайтуға мүмкіндігі толық жетеді. Қазақстанда өтетін ірі халықаралық турнирлердің болашағы зор екеніне сенімдімін. Жарыс өте зор әсер қалдырды. Спортшыларды, ат иелерін және федерацияны атқарған тамаша жұмысымен құттықтағым келеді", – деді Ингмар Де Вос.
Қазақстанның Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев те халықаралық маусымды қорытындылап, елде жаңа жарыстар өткізу жоспарлары туралы айтты.
"Конкурдан әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалы – өңірдегі ең беделді жарыстардың бірі. Биыл еліміз әлем кубогының үш кезеңін жоғары деңгейде өткізіп, міне, бүгін сол маусымның шешуші мәресін қабылдап отыр. Қараша айы біздің Федерация үшін өте жемісті болды. Үш маңызды республикалық жарысты сәтті өткіздік: конкурдан жасөспірімдер мен юниорлар арасындағы ел біріншілігі, ересектер арасындағы конкурдан Қазақстан чемпионаты, паралимпиадалық мәнерлеп жүруден Қазақстан чемпионаты. Елімізде әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жас дарынды спортшылар өсіп келе жатқанын атап өткім келеді. Қазақстандық шабандоздар соңғы уақытта халықаралық аренада өздерін сенімді көрсетіп, ірі жарыстарға белсенді қатысып жүр. Сонымен қатар, келесі жылы әлем кубогының кезеңі аясында Олимпиада ойындарына жолдама берілетін арнайы іріктеу турнирін өткізуге ресми өтінім бердік", – деді Рустам Баялиев.
Айта кетейік, FEI және Еуразиялық ат спорты қауымдастығының қолдауымен өтіп жатқан турнир 2027 жылы Мәскеуде болатын Еуразия ойындарына дайындық кезеңінде маңызды рөл атқарады.