БастыБокс

Түркия тарихында тұңғыш Еуропа чемпионы атанған шымкенттік боксшы

Сырттан легионер әкеліп, еліміздің намысын қорғатқан кездеріміз аз емес. Ол үрдіс әлі де тоқтаған жоқ. Сосын жат жұртта туған қандастарымызға да бүйрегіміз бұрып, елеңдеп отыратынымыз бар. Мысалы, ережесіз жекпе-жекте еркін көсіліп жүрген Дамир Исмағұлов секілді өрендерді айтуға болады. Ал қазақтың топырағында туып, өзге елдің намын қорғағандар бар ма? Көп болмаса да, бірнешеуі бар екені рас. Соның бірі боксшы – Нұрхан Сүлейменов.

 Бокстағы алғашқы қадамы

Нұрхан әуесқой бокста Олимпиада ойындарынан өзге ірі бәсекелердің барлығынан жүлде алған белгілі спортшы. Бірақ оның бұл жетістіктерінің бәрі Түркияға тиесілі.

Сонымен, Нұрхан Сүлейменовті толығырақ таныстырып өтсек. Ол 1971 жылдың 28 ақпанында қазіргі Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Жаңабазар ауылында дүниеге келген. Ауылы – Шымкент қаласынан 65 шақырым қашықтықта орналасқан.

Нұрхан Шымкентте Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Нечайдан тәлім алды. Бұл маман осы күні ерлермен қатар қыздарды да жаттықтырып жүр. Әлем чемпионатынан жүлде алған Жайна Шекербекова дәл осы Нечайдың шәкірті. Сонымен қатар, кикбоксшыларды да баптады.

Нечайдың тәлім-тәрбиесінің арқасында Сүлейменов жасөспірімдер арасындағы біраз додаларды бағындырып үлгерді.

– Жеке жаттықтырушым Виктор Нечай, әкем секілді болған азамат. Ол мені өз ұлы секілді тәрибеледі, тамағын беріп, қолынан келгенін аянып қалған жоқ. Сосын КСРО чемпионы болатыныма қатты сенді, – дейді Нұрхан.

 Костя Цзюмен өткен жекпе-жек

Сүлейменов 1991 жылы Қазақстан құрамасының сапында Новороссийскіде өткен КСРО кубогына қатысты. Бұл уақытта еліміз әлі тәуелсіздік алмаған. Оның үстіне бізден бұрын бөлініп кеткен елдердің өзі спортшыларын жіберді. Мысалы, ширек финалда Нұрхан өзімен құрдас, 2007 жылы дүниеден өткен өзбек Нариман Атаевты ұтады.

Ал жартылай финалдың жөні бөлек. Қарсыласы – Константин Цзю. Жастығына қарамастан біраз белесті бағындырып үлгерген. Сол кездің өзінде Цзю КСРО чемпионатын үш рет ұтып алған. Одан бөлек, екі рет Еуропа құрлығын бағындырып, Ізгі ниет ойындарында да топ жарған. 1988 жылғы Сеул Олимпиадасына қатысқаны тағы бар.

Бір қызығы, бұл жекпе-жек 21 қыркүйек күні өтсе, содан 2 күн бұрын Костяның туған күні болған. Кездесуге Геннадий Кокошкин төрелік етті. Негізі тең дәрежеде өткен бокста төреші ресейліктің қолын көтерді. Кездесуді толық көремін дегендер болса, интернеттен қарап шығуға болады. Видеосы міне.

Сосын Костя Цзю финалдағы қарсыласын жеңіп, соңғы рет өткізілген КСРО кубогына ие болды. Одан кейін Аустралияның Сидней қаласында әлем біріншілігінде топ жарып, әріқарай Олимпиаданы күтпей, кәсіпқой боксқа ауысып кетті.

– Бұл жекпе-жек менің есімде өмірбақи қалды.Костя соққысы жойқын боксшы. Бірақ мен одан сол жолы кем түскен жоқпын. Кемі екі раундты ұттым деп ойлаймын, – дейді Сүлейменов.

Анадолыға ауысуы

Нұрханның жастық шағы Кеңес одағының уығы шайқалған тұсқа сәйкес келді. Көпбалалы отбасыдан өскен, 90-жылдардың басындағы дағдарыстан әбден титтықтаған. Осындай тұста тиімді ұсыныс түседі. Ол көп созбай, шешім қабылдап, жары Сәулемен бірге Анадолыға аттанады.

Ол 1992 жылы Ыстанбұлдағы халықаралық жарысқа қатысады. Сол додадан кейін түрік мамандары нақты ұсыныс жасап, өздеріне алып қалады. Өйткені оған дейін-ақ көздеріне түсіп жүрген.

– Балалық шағым өте қиын болды. Алты жасымнан тәтәмнің қолында өстім. Түркиядан ұсыныс 1990 жылы түскен. Анкарада өткен турнирлердің бірінде ресейлік Ахмед Котиев пен кейіннее 1992 жылы Олимпиада ойындарында жүлдеге іліккен румын Леонард Дорофтейді жеңдім. Бұл екеуі де кейіннен кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанды. Қиын тағдырым отанымды тастап кетуге мәжбүрледі. Өйткені ол кезде Қазақстанды ойлауға мүмкіндігім де болған жоқ, – дейді боксшы.

– Түркия азаматтығын қабылдайтын кезде тегіңізді өзгерту туралы шарт болды ма?

– Өзім Сүлейменоғлу болғанымды қаладым. Өйткені сол кезде Түркияда ауыр атлет Наим Сүлейменоғлудың атағы дүркіреп тұрған. Сондықтан Сүлейменов деген тегімді Сүлейменоғлу деп өзгерттім. Оған өкінген жоқпын, – дейді спортшы.

Түркиядағы толағай табысы

Азаматтығын қабылдап, Түркияның намысын қорғаған Нұрхан сенімді ақтады. Жасындай жарқыраған қазақ баласы Түркия туының астында шаршы алаңды армансыз шайқады. Ол Түркия боксы тарихында тұңғыш Еуропа чемпионы атанды. Бұл атаққа 1993 жылы Бурсада өткен біріншілікте қол жеткізді. Әйтпесе, 1925 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан құрлық біріншілігінен түрік боксшылары оған дейін алтын алып көрмеген екен. Сол олқылықтың орнын 22 жастағы қазақ жігіті толтырады. Қызығы сол, финалда Германияда өскен, шыққан тегі түрік Оқтай Ұрқалды жеңеді.

Ал 1995 жылы Германияның Берлин қаласында өткен әлем біріншілігінің финалына дейін жетеді.

Сүлейменов алдымен югославиялық Зоран Диданович пен грузиялық Бесик Вардзелашвилидің осал тұсын табады. Ширек финалдағы жеребе оны жолын басқа-басқа емес, қазақ боксшы Болат Ниязымбетовпен түйістіреді. Бұл кездесуде Тараз шаhардың тумасын Шымкент шаhардың өрені жеңіп кетті. Яғни Нұрхан Сүлейменовтің бағы жанды.

Бұдан кейін халықаралық ірі долаларда екі қазақ боксшының екі елдің атынан бір-бірімен жұдырықтасуына 2006-2007 жылдары куә болдық. Олар: Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам.

Нұрхан Берлиндегі біріншіліктің жартылай финалда өзінің осы салмақтағы бітіспес қарсыласы

Оқтай Ұрқалмен қолғап түйістірді. Оқтай осы Берлинде дүниеге келген, қиқулап отырған жанкүйері көп боксшы. Соған қарамастан оны айқын басымдықпен ұтады. Ешкімнің шүбәсі болмайды. Тек Германия мен Түркияның аренаға жиналған қызуқанды түріктерінің кездесуден кейін өзара төбелесе кеткендері болмаса. Ал финалда әлемнің екі дүркін чемпионы, кубалық қара маржан Эктор Винентке ғана есе жіберді.

Осыдан кейін Түркияда балаларын бокс үйірмесіне беретіндер көбейді. Оған Нұрхан Сүлейменовтің үлесі көп.

Түркия бокс федерациясы Нұрханнан кейін тағы бір Кеңес одағы бокс мектебінің түлегі, грузин Рамазан Палианиды өздеріне қосып алады. Ол 2001 жылы әлем чемпионы атанды.

Айтпақшы, Сүлейменовтың осал тұсын ұзақ уақыт таба алмай қиналған Оқтай Ұрқал 1996 жылы Данияның Вайле қаласында ұйымдастырылған Еуропа чемпионатында есе қайтарады. Түркияның намысын қорғаған қазақ жігіті араға екі жыл салып, тағы да Еуропа чемпионатының күміс жүлдегкрі атанады (1998, Минск).

 Олимпиадада жолы болмады

Жоғарыда айтқанымыздай, әлем мен құрлық біріншіліктерінде жүлдесі болғанымен, оған Олимпиада ойындарының бір медалі бұйырмады. 1996 жылы Аталантада оған екінші кездесуде-ақ кубалық Эктор Винент қарсылас атанады. Жеребе дұрыс жасалмады ма, ол жағы түсініксіз. Өйткені бұл екеуі бір жыл бұрын әлем біріншілігінің финалында жұдырықтасқан боксшылар. Сөйте тұрып, бастапқы бәсекелерде жолдары түйісіп қалды. Төрт жыл бұрын Барселонада қарсылас шыдатпаған Винент Аталантада екі дүркін чемпион атанды. Жартылай финалда осы салмақта Қазақстаннан барған Болат Ниязымбетовті жеңеді.

Одан кейін 2000 жылы Сиднейде ресейлік Сергей Быковскийге есе жібереді. Сөйтіп, Олимпиададағы жорығы сәтсіз аяқталады.

Анадолыдан АҚШ-қа қоныс аударуы

Олимпиада ойындарынан кейін Анкарадағы пәтерін, көлігін сатып, АҚШ-қа кетеді. Сөйтіп, өмірінде екінші рет маңызды шешім қабылдайды. Техас штатындағы ірі қалалардың бірі Хьюстонға қоныс аударады. Сөйтіп, кәсіпқой боксқа бет бұрады. Оны шақырған кәсіпқой бокс клубын жергілікті миллиардер, тіс дәрігері басқаратын еді. Сол Нұрханға пәтер алып береді. Сүлейменов ағылшын тілін Түркияда жүріп-ақ үйренген. Сондықтан бәрімен тез тіл табысып үлгереді.

– Біз елде Шымкентті Техас деп айтамыз ғой. Қазір нағыз шынайы Техаста тұрып жатырмын, – деп әзілдейді боксшы.

Кәсіпқой бокстағы карьерасын алғашында тәп-тәуір бастайды. Ол 66, 6 келіге дейін салмақта жұдырықтасады. Басында 17 жекпе-жектің 15-ін жеңеді. Оның ішінде жетеуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Сосын кейіннен жеңілістер сериясы жалғаса берген соң, карьерасын аяқтады.

– Кейбіреулер үшін әлі күнге дейін отанын сатқан опасызбын. Бірақ мен өз ел халқымды, отанымды жақсы көремін. Рингке шыққан сайын шапан киіп шығып жүрдім. Осындай жолға салған аллаға шексіз ризамын. Жеткен жетістігіме қуанамын. Сол үшін де бақыттымын. Адамға өмір бір рет қана беріледі. Сондықтан өзің қалағандай сүруің керексің. Шымкенттік чемпион жігіт екеніме мақтанамын, – дейді Нұрхан.

Ол қазір АҚШ кәсіпқой боксшыларды жаттықтырады әрі менеджер.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button