Бокс

«Төрешілер аздап бұра тартты»: Бокстан әлем чемпионы Таиландтағы жеңілісін түсіндірді

Таиландтың Пхукет қаласында өтіп жатқан бокстан халықаралық турнирдің ширек финалында әлем чемпионы Сәкен Бибосынов күтпеген жерден жеңіліп қалды. Олимпиаданың қола жүлдегерін шаршы алаң қожайыны Танарат Саенфет тоқтатқан. Осы орайда, Bassport.kz боксшымен тілдесіп, жеңілістің себебін сұраған болатын.

«Бұл менің әлем чемпионатынан кейін қатысып отырған алғашқы жарысым. Екі кездесу өткіздім. Жергілікті боксшы болған соң, төрешілер таиландтық спортшыға көмектесті. Аздап бұрмалап жіберді. Әлем чемпионатында дәл осы боксшыны ұтқан едім.

Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бұл да мен үшін үлкен тәжірибе. Әрбір жеңілістен соң шаршы алаңға мықты боп ораламыз. Бапкерлерім де барынша қолдау білдіріп, уайымға салынбауымды сұрап жатыр. Әлі талай жұмыс атқару керек бізге. Әлем чемпионатынан кейінгі үзіліс маған жақсы әсерін тигізді. Біраз тынығып, жаңа күшпен оралдық.

Биылғы маусымның басты бәсекесі – Қытайда өтетін жазғы Азия ойындары. Сол бәсекеде еліміздің көк байрағын биікке көтеруді мақсат еттім», – деді Сәкен.

Айта кетелік, Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Бокстан 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2021 жылғы әлем чемпионы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button