БастыКүрес

«Он жылдан кейінгі оралу»: 36 жастағы Елена Шалыгина ел чемпионы атанды

Күрес түрлерінен Қарағандыда аяқталған ел чемпионаты жаңа есімдерден бөлек, тосын жайттарға да толы болды. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Елена Шалыгина араға он жыл салып, кілемге қайта оралды. Жай ғана оралып қоймай, 65 келіде еліміздің чемпионы атанды. Төрт жылдан соң қырыққа толатын балуанға қатысты бапкерлер де пікірін бөлісті, – деп жазады Bassport.kz тілшісі.

Елена Шалыгина отандық әйелдер күресі тарихындағы ең табысты балуандардың бірі. Ол аталған спорт түрінен Қазақстанға алғашқы Олимпиада жүлдесін сыйлағанын көп ешкім біле бермейді. Әйелдер күресі 2004 жылғы Афины ойындарынан бастап Олимпиада бағдарламасына енді. Ал араға төрт жыл салып Бейжің Олимпиадасының қола медалін тап осы Шалыгина ұтып алған болатын.

Түркістан облысында дүниеге келген балуан қыз күрестің қыр-сырын Ресейде үйренді. Отбасылық жағдайларға байланысты көрші елдің Кемер облысына көшіп кеткен ол кейін Шымкентке қайта оралып, кәсіби спорттағы барлық жетістігіне қол жеткізді.

Елена 2007 жылға дейін кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы додаларда бақ сынап жүрді. Ал Бейжіңдегі бәсекеге бір жыл қалғанда олимпиадалық салмақ саналатын 63 келіге ауысып, жазғы ойындарға жолдама жеңіп алды. Міне, осыдан соң 2012 жылға дейін Шалыгина тұрақты түрде өзі қатысқан жарыстардан жүлде алып отырды.

Атап айтар болсақ, 2007 жылы Бакуде, 2009 жылы Хернингте өткен әлем чемпионаттарында қолаға қол жеткізді. Ал 2010 жылы Мәскеуде өткен әлемдік біріншілікте 67 келіге дейінгі салмақта финалға шығып, канадалық Мартина Дюгренеге есе жіберді. Шалыгинаның еншісіндегі тағы бір бағалы жүлде – Азия ойындарының алтыны. Ол 2010 жылы Гуанджоуда өткен жазғы Азиадада еліміздің әнұранын шырқатқан санаулы балуанның бірі.

Азия чемпионаттарынан жалпы есебі бес рет жүлде салған. 2006, 2007 жылдары күміс, 2008 жылы қола, 2009 және 2012 жылдары алтыннан алқа тақты. Елена Үндістана өткен Азия біріншілігінің алтынынан соң араға он жыл салып, бозкілемге қайта оралуда. Қарағандыда өткен Қазақстан чемпионатының финалында ол Ирина Казюлинаны жеңіп чемпион атанды.

«Араға он жыл салып мен үлкен спортқа қайта оралдым. Бұл ел біріншілігі мен үшін маңызды еді. Өйткені, кілемді сезініп, өзімнің деңгейімді байқау керек болды. Ал он жыл дегенің аз уақыт емес. Бұл аралықта жақсы балуан қыздар өсіп қалыпты. Одан бөлек, әлемдік күрестің деңгейі де артты. Мен қарсыластарыммен емес, өзіммен күрестім десем де артық емес. Себебі, өзімнің қаншалықты алысқа шабатынымды байқағым келді. Алда енді халықаралық жарыстар күтіп тұр. Өзімнің жасымның келгенін, физикалық дайындығымның да бұрынғыдай еместігін жақсы түсінемін. Соңғысын бапкерлер көмегімен ретке келтіруге мүмкіндік бар. Бәрі сәтімен боларына сенемін», – дейді Елена.

Әйелдер күресінен Қазақстан командасының бұрынғы бапкері, белгілі жаттықтырушы Нұрлан Аманқосов Шалыгинаның негізгі қарсыластары жарысқа қатыспағанын айтады.

«Елена бұрыннан жаттығу жасап, бабын жоғалтпаған балуан. Тәжірибесі де жеткілікті. Сол себепті, барлығын жеңіл жеңіп шықты деп ойлаймын. Ал бұл салмақтағы үздіктеріміз Қазақстан чемпионтына қатыса алмады. Былтыр осы салмақта топ жарған Дариға Әбен жарақатына байланысты турнирден бас тартса, команда үздіктерінің бірі Айна Теміртасова белін емдету үшін қазір күресіп жүрген жоқ. Тап осы Айна күрескенде, бұл салмақтағы шиеленіс қызықты болар еді. Шалыгина финалда жеңген Ирина Казюлина да декреттік демалыстан енді оралып отыр. Сондықтан, Елена тәжірибесінің арқасында жеңіске жетті деп есептеймін», – дейді Аманқосов.

Әзірге Елена Шалыгинаның қандай халықаралық жарыстарға қатысатыны анықталған жоқ. Ел біріншілігін бір деммен ұтқан балуанның әуселесін алдағы ірі бәсекелерден байқайтын боламыз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button