Басты

Не бел кетеді, не белбеу кетеді! Бүгін Қазақстан Беларусь құрамасымен тарихи ойын өткізеді

Бүгін футболдан Қазақстан үшін тарихи ойын. Өйткені Ұлттар лигасында алғаш рет өз тобымызда бірінші орын алуға мүмкіндік туып тұр. Ол үшін кешке бар-жоғы Беларусь құрамасын жеңу қажет. Бұған Магомед Адиев шәкірттерінің шамасы жете ме?

Әрине, сөзбен айта салу оңай. Бірақ осы Беларусь құрамасы қаншалықты әлсіз болғанның өзінде Қазақстан үшін бір ыңғайсыз қарсылас. Бұған дейін алты рет кездескен екенбіз. Соның бірде-біреуін жеңген жоқпыз. Қарсыласымыз төрт рет басым түсіп, екі ойын тең аяқталған. Әсіресе, 2009 жылғы екі матч естен кетпейді. Бернд Шторк құраманы баптаған тұста 4:0, 1:5 есептерімен жол бергеніміз бар.

Тіпті, автогол да соғып, Ғафуржан Сүйімбаев секілді тәжірибелі ойыншылардың өзі жоқ жерден қателесіп, беларусьтарға жеңіс сыйлап жібергенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ.

Осы жолы сол кеткен еселерді қайтаруға мүмкіндік туып тұр. Оның үстіне,Беларусты жеңіп, Ұлттар лигасының өз тобымызда топ жарып жатсақ, жанкүйерлерге ерекше қуаныш сыйлары сөзсіз.

Бүгін Беларусь құрамасын қабылдаймыз. Сосын 25 қыркүйекте Бакуде Әзірбайжанмен кездесеміз. Егер өз алаңымызда беларусьтерді жеңіп жатсақ, келесі ойынның маңызы да болмайды. Яғни Қазақстан Ұлттар лигасының С дивизионының өз тобында жеңіске жетеді. Сөйтіп, В дивизионына көтерілеміз. Оның үстіне, 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігіміз жоғарылайды.

Толық түсіндіріп өтетін болсақ, С дивизионында 16 құрама бар. Олар 4 топқа бөлінген. Әр топтың жеңімпаздары келесі жылы өзара плей-офф бәсекесін өткізеді. Сөйтіп, төрт мықтының арасынан қара үзіп шыққан 2024 жылғы құрлық біріншілігінің финалдық кезеңінде ойнайды. Қазір Қазақстаннан бөлек, Түркия, Грузия, Грекия өз топтарында көш бастап тұр.

Маусым айында Қазақстан құрамасы төрт ойын өткізіп, үшеуін жеңген. Әсіресе, бізге қарағанда ала допқа икемі жоғары Словакия құрамасынан екі рет басым түсуіміз ауыз толтырып айтатын жетістік болды. Сонымен қатар астанада Әзірбайжан қақпасына да екі гол соқтық.

Адиевтің сенімді әрекеті

Алғашқыда көпшілік менсінбеген, ұлты шешен, азаматтығы ресейлік Магомед Адиев қазақ футболының қаһарманына айналуға жақын. Биыл жазда 43 жастағы бапкер кетіп қалуы мүмкін екені де айтылған. Бәлкім, агентінің жаттықтырушының жалақысын көтеру үшін істеген айласы ма, ол жағы толық білмедік. Әйтеуір, Ресейдің  «Урал» командасына бас бапкер болуы мүмкін екені айтылған. Бірақ кейіннен Адиевтің өзі сұхбат беріп, мәселенің нүктесін қойды.

«Менің Қазақстан футбол федерациясымен келісімшартым бар, әлі аяқталған жоқ. Алда бізді маңызды екі ойын күтіп тұр. Сол себепті келісім аяқталмай, ешқайда кетпеймін. Ешқандай күмән келтірудің қажеті жоқ», – деді М.Адиев.

Айтпақшы, бұл маманның қойған сұраққа нақты жауап беретіні көңілімізден шығып жүр. Мысалы, кеше баспасөз мәжілісінде тілшілер Георгий Жуков туралы сұрады. Семейде туып, Бельгияда футбол әліппесін үйренген 28 жастағы жартылай қорғаушы биыл жазда Қытай асқан. Футболшы қыркүйекте ұлттық құраманың ойындарына барсам, келген соң 10 күн карантинде жатуым керек. Олай тәуекел ете алмайтынын жеткізген. Адиев мұндай көзқарастағы ойыншыларға ұлттық құрама есігі жабық екенін айқын жеткізді. Мұндай пікірі өзгелерге де сабақ болары сөзсіз.

«Ұлттық құрамадан карантинде өткізетін күндерін жоғары қоятын болса, ондайлардың бізге керегі жоқ», –  деді бас бапкер.

 «Байтананы қосалқы құрамда отырғызып қоя алмаймыз»

 Маусым айында Қазақстан төрт ойын өткізгенде «Тараздың» көшбасшысы болған Бауыржан Байтана ұлттық құрамаға шақырылған. Бас бапкер Әзірбайжанмен өткен алғашқы кездесуде оны негізгі құрамда ойнатан. Алайда «қазақстандық Баджо» алаңда жақсы қырынан таныла алмады. Сосын үзілісте оны ауыстырып тастады. Орнына шыққан Рамазан Оразов сенімді ақтай білді. Келесі матчтардың барлығында Байтана қосалқы құрамда қалып отырды.

Жазда трансфер ашылғанда 30 жастағы жартылай қорғаушы «Ақтөбе» жейдесін киді. Бірақ әзірге өзін көрсете алмай жүр. Осы жолы құрама жиынынан тыс қалды. Бас бапкер себебін былай түсіндірді:

«Біз Байтананы «Таразда» жақсы өнер көрсеткен тұста шақырдық. Мұндай мүмкіндікке лайық болды. Бауыржан тәжірибелі ойыншы. Сондықтан қазір құрамаға шақырып алып, қосалқы құрамға отырғызып қойғанымыз жарамайды. Өте нәзік мәселе. Егер жас ойыншы құрамаға шақырылса, мүмкіндігін күтіп, қосалқы құрамда тыныш отырады. Ал тәжірибелі футболшылар мұндайды ауыр қабылдайды. Байтана сондай жігіттердің бірі», – деді М.Адиев.

Қақпашы Стас Покатиловты да дәл осындай себеппен құрамаға шақырмадым деп отыр. Яғни Игорь Шацкий тұрғанда «Ақтөбе» қақпашысының қосалқы құрамда жай отырғаны жарамайды деді. Оның үстіне, маусымдағы жиында 30 жастағы қақпашы жеке себептерін айтып кетіп қалған. Сондықтан Покатиловтың бұл әрекеті де Адиевке ұнамай қалған тәрізді.

«Біз маусымда шақырдық, бірақ келе алмады. Ол кезде төрт ойын болды. Сондықтан екінші тәжірибелі қақпашы артық болмайды деп санадық. Осы жолы екі себеппен шақырылмады. Біріншіден, Шацкий бар кезде екінші тәжірибелі қақпашы керек емес. Мен Игорьге сенім артамын. Барлығы дұрыс болса, алдағы екі кездесуде де қақпаны Шацкий күзетеді», – деді бас бапкер.

Зайнутдиновтің көмегі тиетін сәт келді

Осы жолы Ресейдің ЦСКА клубында ойнайтын Бактиер Зайнутдинов құрамаға көмектесе алады. Ол маусымдағы төрт ойынның бірде-біреуіне қатыспаған. Өйткені жарақаты болған.

 Зайнутдинов қазір Мәскеу командасында қорғаныста өнер көрсетіп жүр. Бірақ Адиев бапкер ұлттық құрамада Бактиердің алдыңғы шепте ойнайтынын жеткізді. Өйткені Қазақстан құрамасында шабуылда таңдау аса көп емес. Сондықтан аса маңызды екі матчта оның көмегіне мұқтаж екеніміз рас.

 «Оның клубта орталық қорғаушы қызметін атқаратынын дұрыс атап өттіңіз. Дәл осындай шабуыл мен қорғаныста да ойнайтын ойыншыны көрмегеніме көп болды. Бізде осындай әмбебап футболшының барына қуанамын. Ертең ол жартылай қорғаушы ретінде алаңға шығады», – деді М.Адиев.

Айтпақшы, Бактиер ұлттық құрама сапында 21 ойында 9 гол соққан. Мергендер көшінде үшінші орында тұр. Тізімнің басында Адиевтің көмекшісі Руслан Балтиев бар. Ол 73 ойында 13 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген. Екінші орында марқұм Виктор Зубарев орналасқан (12 гол).

Егер Беларусь қақпасынан саңылау тапса, мерейтойлы оныншы добы болмақ.

Құраманың жас таланттары

«Қайраттың» жас таланты Әділет Садыбеков бас бапкердің көңілінен шыққан тәрізді. Алғаш рет ұлттық құрамадан шақырту алып отыр. Кеңейтілген тізімнен шығып қала ма деп едік, бас бапкер соңғы шешуші тізімге де кіргізіпті.

Бір кездері ұлттық құраманың шабуыл шебінде Алексей Щеткин мен Сергей Хижниченкодан көз аша алмайтын едік. Ол ойыншыларға жанкүйерлердің өкпесі қара-қазандай болатын. Ал қазір таңдау көбейіп келеді. «Таразда» Абылайхан Жұмабек секілді болашағынан үміт күттіретін ойыншы өсіп келеді. Адиев те бұл шабуылшыны назарынан тыс қалдырмапты. Маусымдағы Қазақстанның 10 ұпай жинауына өлшеусіз үлесін қосқан Абат Айымбетов қыркүйекте кездесулерде де негізгі құрамда шығып қалуы мүмкін.

Бір ерекше тоқталып кететін жайт, футболшылардың дене даярлығы, қайта қалыпқа келуіне Ерлан Ибраим есімді жас маман жауапты. Ол қазір Ресейдің «Сочи» клубында  реабилитолог ретінде жұмыс істеп жүр. Өзі жеңіл атлетикамен айналысқан. Жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері болған Ерланның футболшылардың 90 минут бойы аттай шауып жүріне қосып жатқан үлесі зор. Бұрындары 60-70 минуттан соң, еңтігіп қалатын біздің ойыншылар қазір 90-минутта да шабуыл ұйымдастыратын болған. Осының бәрі жоғары да айтқан жас маманның еңбегі деп білеміз.

Беларусь құрамасымен өтетін матчқа қатыса алатын футболшылар тізімі:

Қақпашылар: Игорь Шацкий («Шахтер»), Мұхаммеджан Сейсен («Тараз»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»);

Қорғаушылар: Сергей Малый, Александр Марочкин, Бағдат Қайыров (бәрі де – «Тобыл»), Елдос Ахметов («Тараз»), Михаил Габышев, Талғат Көсепов (екеуі де – «Астана»), Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Темірлан Ерланов («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей);

Жартылай қорғаушылар: Юрий Логвиненко, Рамазан Оразов (екеуі де – «Ақтөбе»), Асхат Тағыберген, Самат Жарынбетов (екеуі де – «Тобыл»), Аслан Дарабаев, Тимур Досмағамбетов, Исламбек Қуат (бәрі де – «Астана»), Ян Вороговский («Моленбек», Бельгия), Бахтиер Зайнутдинов (ЦСКА, Ресей), Эльхан Астанов («Ордабасы»), Әділет Садыбеков («Қайрат»);

Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Астана»), Абылайхан Жұмабек («Тараз»), Артур Шушеначев («Қайрат»), Роман Муртазаев («Шахтер»);

Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы мергені:

3 – Айымбетов («Астана»)

Нәтижелі пас бергендер:

2 – Тағыберген («Тобыл»)

Гол+пас бойынша:

3 – Айымбетов («Астана», 3+0)

2 – Дарабаев («Астана», 1+1), Вороговский («Моленбек», Бельгия, 1+1), Э.Астанов («Ордабасы», 1+1), Тағыберген («Тобыл», 0+2).

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button