Ролан Гаррос: Қазақ теннисшілерінің қарсыластары анықталды

Бүгін Франция астанасы Парижде теннистен «үлкен дулыға» санатындағы 2023 жылғы Ролан Гаррос турнирінің (Франция ашық чемпионаты) жеребесі тартылды, деп хабарлайды BasSport.kz.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі еліміздің бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі немесе арнайы шақырту алған теннисшімен ойнайтынын мәлім етті.
Әлемнің 61-ракеткасы Юлия Путинцева дүниежүзілік рейтингте 88-орында тұрған бельгиялық Марина Заневскаямен жолығады.
Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бубликтің де қарсыласы кейін анықталады.
Негізгі турнирге шығуға әлемнің 147-ракеткасы Тимофей Скатовтың мүмкіндігі бар. Ол ертең іріктеу сайыстарының финалында рейтингте 165-сатыдағы бразилиялық Фелипе Мелигени Родригес Алвеспен кездеседі.