Боксшы Садриддин Ахмедов журналистерді неге итке теңеді?
Бокс
Қазір Өзбекстан астанасы Ташкентте бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды BasSport.kz.
Мырзағали Айтжанов бастаған былғары қолғап шеберлеріміздің екеуі жарыс жолын аяқтады.
Жекпе-жек өткізген соң боксшылар сұхбат беріп, айқасқа қатысты пікір білдіру қалыпты жағдай. Тиісінше команда көшбасшыларының бірі Қамшыбек Қоңқабаев та алғашқы айқасынан соң тілшілерге сұхбат беріп, оны Бокс федерациясы ресми парақшасында жариялаған.
Ал оқырман қалдырған пікірлердің арасында бір кездері әуесқой бокста өнер көрсетіп, кейіннен кәсіпқой боксқа ауысқан Садриддин Ахмедов те өз ойын білдіре кеткен. Бірақ ұлттық құраманың бұрынғы мүшесінің пікірі әріптестерін қолдауға емес, тілшілерді айыптауға бағытталған. Тіпті журналистерді итке де теңеген.
Жігіттер не сөйлеп, не қойып жатқанын білмейді, ішіндегі өкінішті айтып қанжылып, нағыз жігітке жараспайтын жағын көрсетіп тұрғанда, біздің журналист білгіштеріміз хайп жинап қалу үшін әлеуметтік желіге салып жатыр. Өз еліміздің иттері қастарыңда жүргенін біліңдер, сендерді көретін адам көріп, шын қолдайтындар қолдайды, ал қалғаны сендерді халық жауынан кем қылып жатқан жоқ, - деді Ахмедов.