Абат Айымбетов «Ақтөбе» қатарын толықтырды
«Ақтөбе» клубының баспасөз қызметі
«Ақтөбе» футбол клубы Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетовпен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Bassport.kz.
30 жастағы шабуылшы «Ақтөбеге» еркін агент ретінде қосылды. Тараптар арасындағы келісімшарт 2027 жылдың соңына дейін, яғни бір жарым жылға есептелген.
Абат Айымбетов – «Ақтөбе» футбол мектебінің түлегі. Ол 2013-2020 жылдар аралығында негізгі команда сапында өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанды әрі клубпен бірге еурокубоктарда ойнады. Кейін шабуылшы алматылық «Қайрат», ресейлік «Крылья Советов», елордалық «Астана» және Түркияның «Адана Демирспор» клубтарында доп тепті. 2026 жылдың ақпанында Румынияның «Петролул» клубына ауысып, 9 матчта 1 гол соқты. Алайда 1 шілдеден бастап келісімшарты аяқталып, еркін агент атанды.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Абат осы уақытқа дейін 45 матч өткізіп, 9 гол соққан.