Бір боксшымыз әлем чемпионы атағынан айырылды

Бір боксшымыз әлем чемпионы атағынан айырылды
Бокс

Танымал қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов Халықаралық бокс ұйымы (ІВО) тұжырымы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырылды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

IBO ресми сайтының әлем чемпиондары есімі мен суреті жарияланған бөлімде қазір Данияр Елеусіновтің деректері жоқ. Бұл боксшымыздың жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырылғанын көрсетеді. 

Данияр Елеусінов ІВО тұжырымы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атағын өткен жылдың, яғни 2021 жылдың 18 желтоқсанында Астанада өткен бокс кешінде аргентиналық былғары қолғап шебері Хуан Эрнан Леальді жеңіп, иеленген болатын. Бұл кезде ол төрешілердің шешімен жеңіске қол жеткізген. 

Қазақстандық боксшының жекпе-жек өткізбегеніне бір жылдан астам уақыт болған. Данияр Елеусіновтің әлем чемпионы атағынан айырылуына мансабының тұралып қалуы әсер еткен болуы мүмкін. Ал ІВО ережелеріне сәйкес, әр салмақтағы әлем чемпиондары әр 9 айда бір рет өз атақтарын қорғап тұруы керек. Тек аса ауыр салмақтағы боксшылар үшін әлем чемпионы атағын бір жылда бір рет қорғауға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, спортшының медициналық тексерістері нәтижелері мен ІВО шешіміне қарай әлем чемпионы атағын қорғау мерзіміне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Ал Данияр Елеусінов болса, жартылай салмақтағы әлем чемпионы атағын иеленгеннен кейін, бірде-бір жекпе-жек өткізбеген. 

Еске салайық, соңғы берген сұхбаттарының бірінде Данияр Елеусінов 2022 жылдың соңына дейін лайықты ұсыныс алмаса, кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеген болатын. Ал оның менеджері Зия Әлиев боксшының келесі жекпе-жегі ұйымдастырылып жатқанын айтқан.