Бес салмақ дәрежесінде ел чемпиондарының есімі белгілі болды

Бес салмақ дәрежесінде ел чемпиондарының есімі белгілі болды
Дзюдо

Атырау қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін жарыстың екінші күні болып, әйелдер арасында 57, 63, 70 келі салмақ дәрежелерінде, ал ерлерде 73 пен 81 келі салмақтарда ел үздіктері анықталды. 


57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ақтөбелік Бақыт Құсақбаева чемпион атанса, еліміздің батыс аймағының тағы бір қызы Дана Әбдірова (Атырау облысы) күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Алматы қаласының намысын қорғаған Балнұр Құрманбай мен жамбылдық Рауза Нұрмұхамметова үшінші орынға тұрақтады. 

63 келіде атыраулық Есмігүл Күюлова Қазақстан чемпионы атанды, жетісулық Мөлдір Нарынова екінші орынға ие болса, ел бірінішілігінің қола жүлдесі Зарина Сарипова (Абай облысы) мен Самалай Ерғалиеваға (Қостанай облысы) бұйырды. 

70 келіге дейінгі салмақта бақ сынағандар арасынан Анастасия Маякова (Ақмола облысы) үздік шықса, алматылық Анастасия Морозова екінші орынға табан тіреді. Абай облысының татами шебері Ажар Асхат пен түркістандық Перизат Жақыпбекова үшінші орыннан көрінді. 

Ерлер арасында 73 келіге дейінгі салмақта жамбылдық Данияр Шамшаев қарсылас шақ келтірмей, Қазақстан чемпионы атанды. Аңсарбек Ғайнуллин (БҚО) күміс алқа тағынып, Дархан Қойбағар (Жетісу облысы) мен маңғыстаулық Асқар Нарқұлов қоланы қанжығаға басты. 

81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ерлер арасынан Мадияр Сембаев (ШҚО) тұғыр биігінен көрінді. Жамбыл өңірінің үмітін арқалап келген Бекәділ Шаймерденов екінші орын иеленсе, Нұржан Бисенов (Ақтөбе облысы) пен Жалғас Қайролла (Абай облысы) үздік үштікті түйіндеді.