Grand Slam: қорытынды жарыс күні. Камила Берліқаш жартылай финалда

Grand Slam: қорытынды жарыс күні. Камила Берліқаш жартылай финалда
Дзюдо

Бүгін дзюдодан Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан Үлкен дулыға кезеңінің соңғы жарыс күні. Баку татамиіне 6 қазақстандық дзюдошы шығып, тек Камила Берліқаш жартылай финалға жолдама алды.

Үшінші жарыс күнінде ерлер арасында 90 және 100 келілерге дейінгі, 100-ден жоғары салмақ дәрежелерінде, ал әйелдер арасында 78 келіге дейін және одан жоғары салмақтағы жүлделер жиынтығы сарапқа салынып жатыр. 

90 келіге дейінгі салмақта Ермахан Әнуарбеков голландиялық Джеспер Сминкке жол берді. 100 келіде бақ сынаған Ерқанат Молдағұлов грузиялық спортшы Илья Сулуманидзеден жеңілді. Ал 100-ден жоғары салмақта өнер көрсеткен Жамбыл Тұрғыналиев топтан шыға алмады. 

Әйелдер арасында 78 келіге дейінгі салмақта  сынға түскен екі аруымыз Аруна Жангелдина мен Назерке Тілеухановалардың да бағы жанған жоқ. 

Ал 78 келіден жоғары салмақта бақ сынайтын Камила Берліқаш түркиялық Акбулут Себилені жеңіп, келесі кезеңге өтті.