"Құлахмет пен Қоңқабаев қайта оралды": Азия чемпионаты қарсаңында құрамада қызу текетірес боп жатыр

Бокс
Бокстан Азия чемпионатының өтетін уақыты белгіленді. Сары құрлық додасы 30 қазан мен 13 қараша аралығында Иордания астанасы Амманда ұйымдастырылады. Бүгінде бас бапкер Қайрат Сәтжанов құрлық біріншілігіне қатысатын боксшыларды таңдау үстінде, деп хабарлайды Bassport.kz. Иорданияның Амман қаласы бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс. 2020 жылғы Токио Олимпиадасына Азия аймақтық іріктеу турнирі осы қалада өткен болатын. Одан бөлек, 2013 жылғы Азия чемпионаты Амманда жалауын желбіретін, қазақстандық боксшылар жеті алтын жеңіп алған. Ол кезде Мырзағали Айтжанов шәкірттері арасынан Теміртас Жүсіпов, Берік Әбдірахманов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Антон Пинчук пен Иван Дычко еліміздің әнұранын шырқатқан еді. Бүгінде бұл құрамнан қалған жалғыз боксшы бар. Ол – 33 жастағы Теміртас Жүсіпов. Былтыр әлем чемпионы атанған Теміртас биылғы құрлық бәсекесіне баруға да ниетті. Ал Әбдірахманов пен Ақшалов мансабын аяқтаса, Елеусінов, Әлімханұлы мен Дычко кәсіби бокстан бедел іздеп кетті. Біраз уақыт кәсібилер арасында бақ сынаған Антон Пинчук болса, былғары қолғабын шешіп, бокстан кететінін мәлімдеді. Бокстан команданың қазіргі бас бапкері Қайрат Сәтжанов Иордания жеріндегі тоғыз жыл бұрынғы нәтижені қайталай ала ма? Бұл жағы белгісіз. Бір анығы, бапкер әр салмақтың үздіктерін саралап, Азия чемпионатына аттанатын боксшыларды тексеру үстінде. «Нақты құрамды қазан айында айтамыз. Әзірге, әр салмақтағы боксшыларды салыстыру үстіндеміз. 48 келіде Теміртас Жүсіпов пен Санжар Тәшкенбайдың бірі ел намысын қорғайды. 51 келіде Сәкен Бибосынов, 54 келіде Махмұд Сабырхан, 57 келіде Серік Теміржанов бақ сынайды. Бұл – нақты шешім. 60 келіде Саматәлі Төлтаев пен Әділет Құрметовтің біріне ел намысын қорғау бақыты бұйырады. 63 келіде үш боксшыны бақылап отырмыз. Олар – Сұлтан Мусинов, әйгілі Кинделанды жеңген Руслан Мусиновтің ұлы, Мұхамедсабыр Базарбайұлы және Санатәлі Төлтаев. 67 келіде Дулат Бекбаев пен Серік Абзал арасында таңдау жүреді. 71 келіде Асланбек Шымбергенов сыға түседі. 75 келіде Азия чемпионатына қатысуға төрт бірдей боксшымыз үміткер. 2019 жылы Азия чемпионы атанған Тұрсынбай Құлахмет, Нұрқанат Райыс, Диас Монжігітов және Тимур Нұрсейітовтер бір орынға таласуда. 80 келіде Нұрбек Оралбай, 86 келіде Сағындық Тоғамбай, 92 келіде Айбек Оралбай жұдырықтасады. Ал аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев пен Нұрлан Сапарбайдың бірі Азия додасына аттанады», - дейді бас бапкер. Байқағанымыздай, тізімде азды-көпті өзгеріс бар. Мәселен, Токио Олимпиадасына қатыспайтыны белгілі болған соң кәсіби боксқа кеткен Тұрсынбай Құлахмет құрамаға қайта оралды. Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Тұрсынбайдың әбігері көп болып тұрған 75 келіні алға сүйрейтін мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, Токио ойындарынан кейін үзіліс алған Қамшыбек Қоңқабаевтың оралғанын да жанкүйер жылы қабылдауда. Бұл салмақтың мәселесі де әлі шешілер емес. Дамир Тойбай мен Нұрлан Сапарбайға пісіп-жетілуі үшін уақыт керек. Ендеше, Қамшыбектің көмегі құрамаға керек-ақ... Ал былтырғы әлем біріншілігінде жасындай жарқылдап, тәжірибесін де, шеберлігін де шыңдаған жігіттер өз салмақтарында сөзсіз көш бастап тұр. Теміржанов, Бибосынов пен Сабырханның бір ауыздан бірінші нөмір атануы да осыдан...