"Ташкент татамиіндегі жанталас": Дзюдодан әлем чемпионатында кімдерге сенім артамыз

Дзюдо
6 қазанда дзюдодан биылғы маусымдағы соңғы жарыстардың бірі – 2022 жылғы әлем чемпионаты басталады. Жер жүзінің үздік дзюдошылары биыл Ташкентті бетке алмақ. Өзбекстан астанасындағы салтанаты келіскен «Хумо Арена» әлемнің 86 елінен келінен 568 балуанды құшағына басады. Осы орайда, Bassport.kz әлем чемпионаты қарсаңында шолу жасап, көрші ел татамиінде айқасатын балуандар тізіміне назар салды.  Ресей мен Беларусь қатыспайды Дзюдодан әлем чемпионатына бес құрлықтан балуандар жиналады. Жалпы есебі 315 ер адам мен 267 әйел адам әлем үздігі атануға таласпақ. Ерлер арасындағы ең көп дзюдошы 73 келіде тіркелген. Бұл салмақта 54 спортшы өзара мықтыны анықтайды. Ал әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта жүлдеге үміткерлер көп – 45 балуан. Ташкент татамиіне Ресей мен Беларусь құрамасы жіберілген жоқ. Аталған екі мемлекетке Украинадағы соғысқа байланысты санкция салынып, Халықаралық Олимпиада комитеті Ресейді 2023 жылдың қаңтарына дейін барлық спорттық жарыстардан шеттеткен болатын. Бір қызығы, Ресей дзюдошылары биылғы маусымдағы ірі турнирлерге Халықаралық дзюдо федерациясының атынан қатысып келді. Алайда, 35-ші әлем біріншілігінен ХОК шешімімен сырт қалды. Демек, дзюдодан көшбасшы саналатын көптеген ресейлік балуанды бұл сыннан көрмейміз. Әсіресе, 60 келіде біздің Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевты та талай мәрте сан соқтырған былтырғы әлем чемпионы Яго Абуладзе жарысты теледидардан тамашаламақ. Қайта оралған Сметов... Әлем чемпионатына Қазақстан командасы толық құрамда барады. Құраманың сөзсіз үздігі саналатын Елдос Сметов те қатарда. Маусым бойы 66 келіде бақ сынап, жаңа салмақта жолы болмаған ол өзінің үйреншікті салмағына қайта оралды. Елдос биылғы маусымда алғаш рет 60 келіде сынға түспекші. YouTube желісіндегі беделді «Арт дзюдо» арнасы Сметовті әлем чемпионатында топ жаруы мүмкін үздіктер қатарына қосқан. Одан бөлек, Загребтегі Gran Slam турнирінің жеңімпазы, Азия біріншілігінің қола жүлдегері Мағжан Шамшадин де 60 келіде жүлдеге таласып көреді. 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев ел намысын қорғайды. Жаңа салмаққа ауысқан Қырғызбаев үшін биылғы маусымның үлкен сынақ болғаны рас. Өйткені, өзге салмаққа баса-көктеп, кіріп келу мүмкін емес. Ғұсман да мың сүрініп, мың тұрды. Талай турнирден құр қол қайтса да, берілген жоқ. Еліміздегі Азия чемпионатында үздік үштікке еніп, осы салмақтағы алғашқы медалін еншілеген соң сенім пайда болғандай... Бас бапкер Нұрбол Сүлейменов Ғұсманның физикалық тұрғыдан әлі де әлсіз екенін, қарсыласын көп күтіп қалатынын айтты. Десе де, Қырғызбаевтың басты мақсаты – 66 келіде Париж Олимпиадасына жолдама алу. Бұл әлем чемпионаты сол арманға барар жолдағы баспалдақ болары анық. Жастардың жұлдызы жана ма? 73 келіде биылғы Азия чемпионы, Астанадағы құрлық додасында қарсылас шыдатпаған Данияр Шамшаевқа сенім артамыз. Данияр Азия чемпионатының финалында өзбекстандық қарсыласын небары 34 секундта ұтып кеткен болатын. Шамшаев елімізде өткен додада барлық қарсыласын бір минутқа жеткізбей ұтқандығымен есте қалды. Енді Даниярға бұл өнерін әлемдік деңгейдегі қарсыластарына көрсету қажет. 81 келіде тағы да бір талантты балуан Абылайхан Жұбаназар ел намысын қорғайды. Абылайханның ересектер арасындағы маусымы айтарлықтай қызықты өтуде. Ол әлемдік жарыстардан әлі жүлде алмаса да, әлем үздіктерін жеңіп жүр. Мәселен, Моңғолиядағы Grand Slam турнирінде ол әлем чемпионы Саги Мукиді мерзімінен бұрын, таза ұтқанымен есте қалды. Қазақ күресіндегі машығын дзюдода жақсы қолдана білетін Абылайхан үшін әлем чемпионаты үлкен тәжірибе болары анық. 90 келіде тәжірибелі Дидар Хамза татамиге шығады. Дидар Олимпиаданың дуын көрген, әлем және Азия чемпионаттарында шыңдалған балуан. 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы, 2022 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. 100 келіде жасы отыздан асқан Ислам Бозбаев пен жас балуан Шархан Нұрлыхан, аса ауыр салмақта Ерасыл Қажыбаев сынға түседі. Қатарда кім жоқ? 66 келіде 2018 жылғы әлем чемпионатының финалында күрескен Ерлан Серікжанов биылғы бәсекеге қатыспайды. 73 келіге ауысқан соң күресі жүрмеген Серікжановтан гөрі бапкерлер Шамшаевқа сенім артқаны байқалады. Ерлан аталған әлем чемпионатынан соң ауыз толтырып айтар жетістігімен көзге түскен жоқ. Ал осы салмақтың ұзақ жылдар бойғы көшбасшысы Жансай Смағұлов қазір отадан кейінгі оңалту кезеңін өткізіп жатыр. Бас бапкер Жансайға кішігірім ота жасалғанын айтқан болатын. Жансайдың көп ұзамай құрамаға қайта оралары анық. Кіл мықтыдан кім мықты? Ташкентке келетін танымал дзюдошылардың санында шек жоқ. 60 келіде Токио Олимпиадасының чемпионы, Елдос Сметовтің ежелгі қарсыласы Наохиса Такато бақ сынайды. Сондай-ақ, әлемдік рейтингте бірінші тұрған тайпейлік Янг Вэй, грузиялық Лухуми Чхвимиани, кореялық Ли Харим бар. 66 келіде әйгілі кореялық спортшы Ан Баул, әзірбайжандық Орхан Сафаров, Олимпиада әрі әлем чемпионы, осы салмақтың сөзсіз үздігі саналатын Абе Хифуме, сондай-ақ, Оширо Маруяма белдеседі. 73 келіде Олимпиада мен әлем чемпионаттарының жүлдегері, әзірбайжандық Рустам Оруджев, Токио Олимпиадасының күмісін иеленген грузиялық Лаша Шавдатуашвили, бес дүркін әлем чемпионы, жапондық Соичи Хашимито бақ сынайды. 81 келінің де жарық жұлдыздары жеткілікті. Токио Олимпиадасының чемпионы Таканори Нагасэ, әлем чемпионатының жүлдегері, нидерландтық Франк де Вит, екі дүркін Еуропа чемпионы, грузиядық Тато Григалашвили, әлем чемпионы, бельгиялық Матиас Касс татамиге шығады. 90 келіде Өзбекстан құрамасының жұлдызы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Давлат Бобонов, Олимпиаданың қола жүлдегері, бельгиялық Кристиан Тот, Олимпиада чемпионы Лаша Бекаури бар. 100 келіге дейінгі салмақта Олимпиаданың қола жүлдегері, португалиялық Жорже Фонсека, Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері Михаэль Коррел, екі дүркін Еуропа чемпионы Тома Никифоровтар чемпиондық атаққа таласып көреді. Аса ауыр салмақта Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, грузиялық Гурам Тушишвили, әлем және екі дүркін Олимпиада чемпионы Лукас Крпалек, былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, нидерландтық Рой Мейер бастаған алыптар айқасады. Дзюдодан кезекті әлем біріншілігі 13 қазанда, командалық жарыстан соң аяқталады. Тікелей көрсетілімді Халықаралық дзюдо федерациясының ресми сайтынан көруге болады.